Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Жүзағаштан Дегелеңге дейін
2 мин чтения
Семей теміржолында сәуірдің 16-сынан бастап көктемгі комиссиялық байқау шаралары басталды. Ағымдағы айдың 27-сіне дейінгі аралықты қамтитын сынақ ең алдымен Ақтоғай-Аягөз телімінің 1108 шақырымындағы Жүзағаш станциясынан бастау алды.
Шығыстағы теміржолшылар үшін биылғы қыс қатал сынақ болды. Сондықтан болар, биылғы сын жылдағыдан өзгерек. Себебі, пойыз қозғалысы бойынша аса күрделі участоктардағы атқарылып жатқан жұмыстар мен ондағы сала қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі ғана емес, жазғы жол жұмыстарына әзірлік, су тасқыны, өрт сынды төтенше жағдайға даярлықтары да қатаң қадағаланады. Мұның сыртында, биылғы жаздағы ПЧ-42 мекемесі жүргізетін күрделі жөндеу жұмыстарына әзірлік те сынға түспек. Ондағы атқарылатын шаралар осы тексеру нәтижесінде анықталып, жоспарға енгізіледі.
Сонымен қатар, келесі кезектегі көктемгі байқау шаралары Семей-Локоть, Жаңа-Семей-Дегелең бағыттары бойынша жүргізілмек. Тек соңынан ғана тораптық Жаңа Семей, Семей станциялары толыққанды тексеруден өтетін болады.
Биылғы байқаудың тағы бір ерекшелігі – бөлімше басшылығы мен теміржол шаруашылықтарының ревизорлары шаһардың өнеркәсіптік аумақтарына қарасты түйіспе жолдар, кірме жолдар мен тұйық желілерді де толық сүзгіден өткізбек.
– Мұнымен қоса, Аягөз, Шар, Дегелең мен Семей станцияларында тораптық жиындар өткізіліп, тексеру барысында анықталған кемшіліктер мен межелі шаралар сарапқа түсетін болады, – дейді Семей ЖТ бөлімшесінің өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Гүлнар Төлеуханова.
Ал, көктемгі байқаудың нәтижесі мамыр айының орта шеніне дейін толық анықталып, тиісті қарар қабылданатын болады. Оның нәтижесі алдағы уақыттарда селекторлық жиындарда кеңінен сарапталмақ.