Бүгінгі таңда еңбекті қорғау мәдениетін дамыту Халқаралық еңбек ұйымының ғаламдық стратегиясына айналып отыр. Еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру барысында қызметкердің еңбек жағдайын жақсарту ісі барлық жерде жанданып келеді. Осы мақсатта №13 Тараз теміржол колледжінде 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне орай қауіпсіздік тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, ел экономикасын өрге сүйреуші жастар Қазақстан темір жолының даму тетігі еңбек қауіпсіздігінде екендігін анық білді. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлжан Керменбаеваның ұйымдастыруымен өткен шараға колледждің әлеуметтік серіктесі «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ филиалы –  Жамбыл ЖТ бөлімшесінің еңбек қорғау жөніндегі жетекші инженер технологы Ербол Оспанов арнайы шақырылды. Ербол Оспанов өз сөзінде  еңбек қорғау күнінің қысқаша тарихымен таныстырып және  теміржол аймағы өте қауіпті аймақ болып табылатындығымен байланысты, осынау қауіпті аймақта қауіпсіздікті сақтаудың маңғыздылы жөнінде дәріс оқып,  тыңдаушыларға  тақырып аясында бейнефильм көрсетті.   –  Бұл жолы  еңбек қорғаудың тақырыбы болашақ теміржолшыларға арналғандықтан, ең алдымен сөз болатыны – қауіпсіздік. Қазіргі таңда Елбасы Жолдауында басты бағыттардың бірі – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына ерекше көңіл бөлініп, оның орындалуы жөнінде Үкімет тарапынан нақты шаралар жасалынуда.  2007 жылы елімізде тұңғыш рет Еңбек кодексі қолданысқа енгізілді. Оның басты мақсаты – адам құқығы, оның қорғалуы, қауіпсіздік шараларының бұзылмауына жол бермеу, еңбек адамдарын құрметтеу. ҚТЖ мен оның еңбек ұжымдары арасында жасалатын  ұжымдық шарт та ең алдымен адам еңбегін қастерлеу мен бағалауды мақсат етеді. Биылғы жылы 2018-2020 жылдарға арналған ұжымдық шарт қабылданып жұмыс жасауда, – деп ақпар берді  Ербол Оспанов.   Жиын соңы ойын түріне ұласып, қатысушыларға тақырыпқа байланысты викторина сұрақтары қойылып, жауап бергендерге сыйлықтар берілді.  Арсен БАЙЗАҚ, Тараз