Ерман Әбдиев, Бурный
Бурныйға келді
2 мин чтения
Жамбыл бөлімшесін аралап жүрген «Денсаулық» консультативті-диагностикалық медициналық пойызы 6 тамыз күні Бурный станциясына аялдады.
Медициналық пойыз осы жерде дүйсенбі кешке дейін болып, тұрғындарды қабылдамақ.
Жексенбі күні станция басында тұрғын «Денсаулық» пойызының жұмысымен арнайы танысып едік.
– «Денсаулық» пойызы Жамбыл бөлімшесіне тамыздың бесі күні келіп кірді. Абаил станциясында бір тәулік тұрып, онда 150 тұрғынды қабылдадық. Оның 25-і балалар. Алдын ала ауыл тұрғындарына хабарландырулар берілген болатын. Сондықтан, өз денсаулығын тексертіп алғысы келгендер қарасы мол болды. Ал бүгін жұмысымызды таңертең сағат тоғызда бастадық. Қазір келіп жатқан ауыл тұрғындарының қатарын өзіңіз де көріп тұрсыз. Пойыз диагностикалық құрылғылармен толық жабдықталған. Және білікті дәрігерлерден жасақталған. Пойыздың әр станцияда тоқтап, үздіксіз жұмыс жасауына Жамбыл облысы бойынша Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент және станция басшылары көп көмек көрсетіп отыр, – дейді «Денсаулық» консультативті-диагностикалық медициналық пойызының аға дәрігері Сания Желдікбаева.
«Денсаулық» пойызы дүйсенбі күні кешкілік Сұрым станциясына тоқтап, ары қарай Күркереу – Су станциясында аял жасайды. Түлкібас – Жамбыл теліміндегі жұмысы тамыздың оны күні аяқталып, Жамбыл – Жаңатас теліміндегі жұмысы 11 тамыз күні жалғасады. Мұнда пойыз Ақтаутас және Тамды станцияларына тоқтайды. Жалпы «Денсаулық» пойызының Жамбыл бөлімшесіндегі сапары 13 тамыз күні аяқталады.