Теміржолда қауіпсіздік мәселесі бірінші орында тұр. Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің қауіпсіздік бөлімінен алған деректерге сүйенсек, өткен 4 айда қауіпсіздік бойынша 315 сабақ өтіп, оған 10310 адам қатысқан. Қауіпсіздіктің бір бөлігі вокзал, станцияларда теміржолдан өтуге қатысты екені анық. Соған сәйкес станцияларда әр үш сағат сайын дауыс зорайтқыш арқылы бөтен адамдардың станция жолында жүрмеуі және темір жолдан өту тәртібі туралы Ереже нұсқаулықтары айтылып тұрады. Атырау вокзалында қауіпсіздікке қатысты «Темір жол – аса қауіпті аймақ», «Адамдардың темір жолдарда жүру қауіптілігі» тақырыбында 7 бейнеролик әр қырық минут сайын қайталанып көрсетіліп отырады. Атырау көлік прокуратурасы ұсынған бейнероликтер де көрсетіледі. Тұрғындарға жаднамалар таратылады. 1, 2, 3 класты станция басшылары мен желілік ішкі істер және әскерилендірілген темір жол күзеті қызметкерлерімен бірлесе станция аумағына рейд жүргізілген. Бұл шаралар келеңсіз оқиғалардың алдын алуға, қауіпсіздік шараларын сақтауға бағытталып отыр. Мәселен, 2018 жылы 11 қаңтарда Сағыз станциясы учаскесіндегі №265 шақырымдағы разъезде Ж.Төремұрат деген азаматша жүріп бара жатқан пойызға жармасып мінем дегенінде, оң аяғынан зақым алған. Міне, қауіпсіздікті сақтамаудың ақыры осындай өкінішті жағдайға алып келеді. Атырау жүк тасымалы бөлімшесі бойынша «Қызметкерлерге арналған жол», «Пойыз құрастырушы, есіңде болсын, сені үйіңдегілер күтіп отыр!», «Пойыздан сақтан!», «Азаматтар, өз өмірлеріңізді сақтаңыздар!», т.б. барлығы 418 ескерту аншлагы мен белгілер жаңартылған. Станцияға жақын тұратын тұрғындар арасында да түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Қосұйым Мұқашев, Атырау облысы