«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Тасымалды басқарудың автоматтандырылған орталығының (ТБАО) бағыттар бойынша бас диспетчері, теміржолшы әулетінің өкілі, түрлі спорттық шаралардың көп дәрежелі жүлдегері, әрі беріден соң өз ісінің шебері Нұркен Бегежанов 27 жасында компанияның стратегиялық маңызды бөлімшелерінің бірінде жұмыс істейді.Олай дейтініміз, орталық қызметкерлерінің нақты жұмысы мен бірлесе әрекет етуінен пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі мен тоқтаусыз жүруі байланысты болмақ. Нұркенді әріптестері талантты адам, қай жағынан да талантты деген бір-ақ ауыз сөзбен сипаттайды.«Тасымалдау үдерісін ұйымдастыруға қатысу – жауапкершілігі мол күрделі жұмыс. Десе де, маған өз қызметім ұнайды. Ауысым он екі сағатқа созылады, осы уақыт ішінде мейлінше жинақы болуың керек» дейді біздің кейіпкеріміз. Жас маманға жұмыста көлік колледжі мен ҚазККА-да алған білімі, Қызылорда өңіріндегі Төретам станциясында жүк қабылдап-тапсырушы, жол бұрушы, станция кезекшісі болып атқарған тәжірибелері көп көмегін тигізуде.– Төретам станциясы маған аса ыстық. Мен теміржолшылар отбасында туылып, темір жол жанында өстім десем болады. Мамандық таңдар шаққа жеткенімде, еш мәселе туындаған жоқ. Менің атам Әбдірахман Бегежанов Шиелі станциясының бастығы болды, әкем 20 жылдан астам уақыт Төретам станциясында басшылық етті, ал анам болса вокзал бастығы болатын, – дейді Нұркен.2015 жылы жас маман Астанаға келіп, кәсіби қызметін жалғастырады. Ол Бірыңғай диспетчерлік басқару орталығында ең жас бірінші дәрежелі пойыз диспетчерлері қатарынан болды. Ұжымда оны өз қызметін үлкен жауапкершілікпен және адал атқаратынына ғана емес, жоғары спорттық жетістіктері үшін де сыйлайтын. Нұркеннің қанжығасында бірнеше спорттық награда бар, бильярд бойынша жүлделі орындар, орталық аппарат қызметкерлері арасында өткен Спартакиада бағдарламасында шағын футбол жарысынан 2-орын алғаны үшін берілген грамота, т.б. Сонымен қатар соңғы үш жылда Нұркен Бегежанов үстел теннисі бойынша жарыста жүлделі орындарды иеленіп келсе, таяуда ол «Астана» темір жол торабы біріншілігінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ чемпионы болды. Бұл жеңісін Нұркен бір жасқа толғалы отырған қызы Көзайымға арнап отыр.– Спорттық жаттығуларға мен мектеп кезінен баратынмын. Спорт салауатты өмір салтын ұстануға, ойыңның сергек жүруіне көмектеседі. Қазір мен Назарбаев университетінде үстел теннисі бойынша Қазақстан лигасында жаттығып жүрмін. Спорт менің өмірімнің бір бөлігіне айналған, әріптестерім мен достарымның, жақын адамдарымның спортқа деген қызығушылығына қолдау білдіруге тырысып келемін, – деп сөзін түйіндей келе Нұркен, Астана – армандар орындалатын қала, жас қаламен бірге өсіп-өніп, дами бергісі келетінін айтады.