Ірілендірілген Қызылорда жол дистанциясының Бәйгеқұм бекетіндегі жолшыларын шілденің қырық градус ыстығында жол бойынан кездестірдік. Телім бригадирі Қасымбек Ақылбекұлының басшылығымен бағыттамалық бұрманы талапқа сай баптау жұмысын жасап жатқан бір топ жолшылар аптап ыстықтан бет-ауыздарын тұмшалап, күнқағарларын түсіріп алған. Олар 18 бекет пен 20 бекет арасындағы жолдың техникалық бабында болуын күнделікті бақылап, күтім жасайды екен. Біздер станцияға келгенімізде кесте бойынша өткелі тұрған пойыз құрамы бекеттен өтісімен келесі құрам келгенше МПТ машинасымен дәнекерленген бағыттамалық бұрманы Жейсмар шарықтасымен жол жөндеушілер Айдархан Сапарымбетов пен Нұрбол Сәулебеков талапқа сай баптап жатты.   – Биылғы жаз маусымының қолайсыз ыстық болуына қарай таңертең және кешкі мезгілдерде ауысыммен жұмыс жасап, қалған уақытта жолды бақылауда ұстаймыз. Жолшыларымыздың дені көп жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан тәжірибелі мамандар,  біздің 14-околоткада  қазір өтпе кезекшілерін қоса алғанда 20 адам  жұмыс жасауда. Жолшылар  ауа райының қолайсыздығынан қорғану заттары мен маусымдық киім-кешектерін  уақытылы  алып отыр. Жалпы біздер жылжымалы құрамның телімнен кідіріссіз өткізілуі үшін жолдардың техникалық талапқа сай болуын қадағалау басты міндетіміз болғандықтан ауа райының   қолайсыздығына  ешқашан бой алдырған емеспіз,  біз үшін   қырық градус ыстық немесе суық болсын, өз міндетімізді атқаруға тиіспіз, себебі қозғалыс  тынымсыз,  пойыздар қарап тұрмайды ғой, мұны жолшылар жақсы түсінеді, – дейді бекеттегі жолшылар бригадирі Қасымбек Ақылбекұлы.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Бәйгеқұм