Шахида Жұман, Маңғыстау
Инфрақұрылым сауықтырылуда
2 мин чтения
Теңіз бен түзді тоғыстырған түбек таяу жылдары көліктік логистиканың ірі орталығына айналатыны сөзсіз. Бұл бағытта соңғы кездері жүргізіліп жатқан жұмыстар шаш етектен.
Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің басшылығы соңғы кезде жал табанын сауықтыруға ерекше көңіл бөлініп, жалпы инфрақұрылымның жаңғырып жатқанын айтады. Ең басты жаңалықтың бірі – осы айда Бейнеу стансасында белгі беру және байланыс дистанциясының ашылатыны. Бұл мекеменің жұмыс қамту аймағы Бейнеу-Тассай, Бейнеу-№9 бекет аралығы болмақ. Сондай-ақ жыл басында жазғанымыздай, Жетібай-Өзен, 118-136 және 177-179 шақырымдар аралығында барлығы 20,055 км теміржолға күшейтілген-орташа жөндеу жұмысы аяқталды. Мақсат Р-43 типті рельсті Р-65 рельсіне, жер төсемінің құрылысын топырақтан қиыршық тасқа ауыстыру болатын. Міне, нәтижесінде жүктерді үлкен салмақта жіберу мүмкіндігі тағы да артып отыр.
– Бүгінгі таңда №5 бекеттен №6 бекетке дейінгі теміржол күрделі жөндеуден өткізілуде. Оның ішінде түйіспесіз жолды салу жұмыстары жалғасуда. Жоспар бойынша 36 жұп рельс бунақтары салынады. Қазірге соның салынғаны 13 жұп рельс бунақтары, 47840 дана жаңа темір-бетонды шпал, 75400 м3 қиыршық тас төселді. Осы жұмыстар толық біткен соң тамыз айында жолды нығайтып, тегістеп, әрлеп жөндейтін ДУОМАТ, ДГС, ПБР кешенді техникалары жұмыс жасайды деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар №15-16 бекеттер аралығында теміржолға күрделі жөндеу жұмыстары да жүруде. Оған да 35 жұп рельс бунақтары төселмек. Бүгінге дейін соның 10 жұбы және 45264 дана жаңа темірбетонды шпал, 71340м3 қиыршықтас, 172 дана көпірге арналған жаңа темірбетонды шпал салынды. Сондай-ақ, №11-12 бекеттер бойынша 258-280 км арасында да жол табанын сауықтыру жұмыстары жүріп жатыр, – деп ақпар берді Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі директорының орынбасары Аслан Назаров.