Басты назарда – желі бойының тазалығы
2 мин чтения
Еліміз бойынша биылғы жылдың басты мерекесі саналатын Астана қаласының 20 жылдығына орай Семей ЖТ бөлімшесі бойынша да бірқатар ілкімді шаралар қолға алынды. Соның ішінде шығыс өңірді көктей өтетін желі бойының тазалығы бірінші орында тұр.
Осы бағытта бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаевтың бастамасымен іргелі жұмыстар жүргізілді. Соның ішінде Семей қаласының желі бойында орын тепкен қоқыстан көз ашпайтын бірқатар аудандары бойынша тыңғылықты жұмыс жүргізілді. Атап айтсақ, семейлік теміржолшылар көктем шыққалы бері шаһар ішіндегі көтерме базарлар мен жекелеген тұрғынүй секторлары маңына сенбілік өткізуде. Сәйкесінше нәтиже де жоқ емес. Әсіресе, Астана күні мерекесі қарсаңында тазалық жүргізу ісі біршама ширатылды.
– Бүгінде 400 адам теміржол бойында сенбілікке шығып, айналаны тап-таза еттік. Әйтсе де, жыл сайын осы көрініс. Биыл осы қоқысты аламыз, тазалаймыз, содан кейін келер жылы тағы пайда болады. Қаншама қаражат кетеді. Уақытымызды шығындаймыз, қашан біздің халық тазалыққа үйренер екен, – деп тұрғындарға деген ренішін де жасырмайды бұл тарапта пікір білдірген бөлімше басшысының орынбасары Ерғазы Жұмаділов.
Желі бойында жұмыс жүргізетін жолшылар да тазалық жұмысына жұмылған. Бұл тараптағы тағы бір жұмыс, бөлімше басшылығы әкімдік өкілдерімен бірлесіп теміржолға жақын орналасқан шағын және орта бизнес нысандарының жетекшілерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметкерлері желі бойындағы аулаларды аралап, қоқыс тастаушыларға айыппұл салуға көшті. Мәселен, сенбілік күндері заңсыздыққа жол берген нысан иелерінің үстінен 500 мың теңгенің хаттамасы толтырылыпты.
Тазалық шаралары аясында желі бойындағы нысандарды безендіру, абаттандыру шаралары да қатар қолға алынған. Мұндай шаралар өткен жылы EXPO-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында өткізілген-ді. Ал биыл астана шаһарының 20 жылдығына арналып отыр.
Қуаныш Қожаев, Семей