Локомотив бригадаларымен жұмыс
2 мин чтения
Локомотив бригадаларының жұмысын дұрыс үйлестіру, ондағы байланыс құралдарын тиімді пайдалану – қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір парасы. Сол бағытта машинистер мен станция кезекшілері аралығында сөйлесу регламентін сақтау үнемі қадағаланып тұрады.
Атырау локомотив пайдаланым депосы пайдаланым бөлімінің инженері Айдар Қонарбаевтың айтуынша, соңғы уақытта радиобайланыстың берік орнатылуы, станциялардағы өлі аймақтарды анықтау, қолдағы радиостанциялардың жарамдылығы жіті тексерілуде. Атырау, Ақжайық, Махамбет станция басшыларымен бірлесе отырып маневрлі локомотив бригадаларының сапалық құрамын бекіту, машинистер мен көмекшілерінің, пойыз құрастырушылардың психологиялық үйлесімділігін, жұмыс тәжірибесі мен еңбек тәртібін қарау бойынша мәселе қаралуда.
Айналымдық деполарда, шалғай станцияларда маневрлік қозғалыстағы барлық ауысымдық локомотив бригадаларының лауазымдық міндеттерін дұрыс атқаруы да назарда. Жалпы барлық аймақта байланыс жақсы, локомотив бригадаларының басым бөлігі ескертусіз жұмыс жасаған. Тексеріс кезінде анықталған кемшіліктерге сәйкес өз міндеттерін дұрыс атқармаған және тәртіп бұзған машинистер мен көмекшілеріне шара қолданылды.
Депода еңбек қорғау шаралары толықтай орындалып, сақтық шаралары талапқа сай. Ай сайын «Еңбек қорғау» күні, кестеге сәйкес локомотив бригадалары, жүргізушілермен техникалық сабақтар өткізіліп келеді. Рейс алды, ауысым алды медициналық байқаудан өтіп, жұмысшылар арнаулы киіммен 100 пайыз қамтылса, жұмысшы-қызметкерлерге электр қауіпсіздігі жөнінде аттестация өткізіліп, локомотив және цехтар медициналық құрал-жабдықтармен жеткілікті мөлшерде жабдықталған. Депода локомотив бригадалары үшін тұрмыстық корпус (санитарлық блок) пайдалануға берілгені де жақсы болды. Бұл жұмыс сапасының жақсаруына да оң әсер етті.
Қазақстан темір жолында болып жатқан әрбір жазатайым оқиғалар да жоспарлау мәжілістерінде уақытылы талқыланып, депоның барлық қызметкерлерімен жоспардан тыс нұсқаулықтар өткізіледі. Басшылар мен машинист нұсқаушылар еңбек қорғау жұмысына қатысу нормативтерін орындау мақсатында бекітілген кестеге сай Атырау-Ганюшкино-Ақсарай, Атырау-Мақат-Құлсары учаскелеріне апта сайын шығып, локомотивтердегі еңбек қауіпсіздігі жағдайын, локомотив бригадаларының еңбекке қабілеттілігін тексеріп отырады.
Қосұйым Мұқашев, Атырау