Бес әлеуметтік бастама аясында
2 мин чтения
«ҚТЖ» ҰК» АҚ әкімшілік ғимаратында «Нұр Отан» ХДП Астана қаласы Сарыарқа аудандық филиалының ұйымдастыруымен бастауыш партия ұйымы және еңбек ұжымына Елбасының бес әлеуметтік бастамасын талқылауға арналған іс-шара өткізді.
Кездесудің өтуіне «Нұр Отан» партиясының «ҚТЖ» ҰК» АҚ бастауыш партия ұйымы мұрындық болды. Жиынға партияның Сарыарқа аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бағлан Алимғазина және «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы саяси бөлімінің меңгерушісі Ерлан Ахмеди арнайы келіп, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап берді. Биыл Елбасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жариялап, онда нақты бағыттарды айқындап берген еді. Атап айтқанда, әр отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін салық жүктемені азайту, сапалы, әрі жоғары білім алудың қолжетімділігі, жатақханаларды жөндеу, елді газбен қамту, сондай-ақ, қазір көпшіліктің басын қатырып, әбден қордаланған мәселенің бірегейі – несие жайы да назардан тыс қалмаған болатын.
Партия өкілдері бес әлеуметтік бастама аясында күн тәртібінде тұрған рухани жаңғыру, латын қарпіне көшу, Астананың болашағы сынды келелі мәселелерді де қаузап, ұтымды пікір айтылып, Елбасының салиқалы саясаты сараланды. Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру жолдары туралы ойларын ортаға сала келе, нақты қойылған тапсырманы жүйелі түрде жүзеге асыру жолдары, ол үшін «жұмыла көтерген жүк жеңіл» қағидаты маңызды екенін тілге тиек етіп, жарқын болашаққа сенімдерін білдірді. Жиын соңында кездесуге келген көпшілікке компания атынан алғыс білдіріп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» іске кірісетіндіктерін жеткізген бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Ақмарал Байғабылова басшылықтан елеулі еңбегі үшін алғыс хатпен марапатталды.
Ардақ ЗҰЛҚАЖАПҚЫЗЫ