Жаңа жабдық сынақтан өтуде
2 мин чтения
Сапарлап шыққан жолаушыға сапалы қызмет ұсыну – Астана-1 теміржол вокзалының басты ұстанымы. Жылдан-жылға заман талабына сай жабдықтармен жарақталып, соған сай қызметкерлер біліктілігі де жетілдірілуде. Мысалы, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін қозғалуына арналған тағы бір жаңа жабдық тәжірибеден өткізілуде екен.
Пойыз жаздың аптаған ыстығында, қыстың қақаған аязында, түтеген боран мен көктемгі көктайғақ кезінде көпшілік үшін қауіпсіз, сенімді және бағасы да тиімді көлік құралы екені даусыз. Темір жол арқылы жолаушылайтын халыққа діттеген сапалы қызмет көрсету – Қазақстан темір жолы бойындағы барлық вокзалдарының басты міндеті. Бүгінгі таңда Астана-1 вокзалында сынақтан өтіп жатқан жаңа жабдық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған, яғни мобильді жыланбауыр баспалдақты көтергіш. Оңтайландырылып жасалған мобильді жабдық жайында аздаған мағлұмат бере кетсек. Жедел саты жоқ кез келген ғимаратта мүмкіндігі шектеулі жандар арба арқылы еш қиындықсыз қабаттан қабатқа көтерілуіне өте ыңғайлы, әрі таптырмас құрал болып табылады. Италия елінде жасалған жыланбауыр баспалдақты көтергіштің көтере алар жүк мөлшері 135 кг, электрлі, дыбыс шығармайды, жылдамдығы жоғары, қауіпсіздік тетіктері сапалы. Бұған дейін Астана-1 вокзал кешеніне мүгедектер арбасымен келген жолаушы пандус немесе жеделсаты арқылы ғана қажетті қабаттарға көтерілген болса, енді заманауи жабдықтың арқасында жүгі жеңілдей түспек. Мүгедек жанды кез келген орында жабдыққа мүгедек арбасын орнатып, қажетті орынға жеткізуге болады. Бұл әрі уақытты ұтымды пайдаланып, әрі вокзал кезекшісінің жұмысын да жеңілдетпек. Қазір Астана-1 теміржол вокзалына бір ғана құрылғы жеткізіліп, кіріспе нұсқамалық ережесі бойынша кезекшілер үйренуде екен. Сынақтан сәтті өтіп, тұтынушының талғамы мен басшылықтың мақұлдауынан өтсе, вокзалға жабдықтың бірнеше данасы жеткізіліп, қолданысқа еңгізілмек.
Ардақ Зұлқажапқызы
Суретті түсірген автор