Былтыр Астанада заман талабына сай, әлемдік деңгейдегі озық жабдықтармен жарақталған «Нұрлы жол» теміржол вокзал кешені бой көтергелі, көпшіліктің арасында енді Астана-1 теміржол вокзалы қажет болмай қалады деген жансақ пікір жиі болмаса да, арагідік  айтылып жүр.   Бәлкім, талапшыл әрі жаңашыл жолаушының сұранысы жаңа деңгейге өскендігі осы пікірге себеп болар. Олай болса, сұранысқа ұсыныс демекші, тарихы сонау өткен ғасырдың 60-жылдарынан басталатын, кейін тәуелсіздік алған 90-ыншы жылдардан бері үздіксіз жолаушы тасымалына қызмет етіп келе жатқан Астана-1 вокзалы қазір де ауыз толтырып айтатындай жетістіктерден кенде емес.  Сапалы сервис сәтті сапардың кепілі екенін ескерсек, Астана-1 вокзал кешені ағымдағы жөндеуден бастап, жабдықтарды жаңарту, абаттандыру сынды шаруалардан басқа, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға да жіті мән беруде. Жыл басынан бері вокзалдағы күту залына үш бірдей жаңа LED монитор орнатылып, орындықтар ауыстырылған. – Былтырдан бері жүйелі қаржыландырудың арқасында вокзалдағы бейнебақылау жүйесі, қауіпсіздікке кепілдік берер тексеру орындарындағы соңғы үлгідегі құрылғылар жұмысымыздың  оң нәтижелі болуына септігін тигізуде. Сондықтан басшылық тарапынан мұндай шаралар тұрақты іске асатын болады, – дейді вокзал басшысының орынбасары  Қуаныш Мақашов. Және де вокзал кешеніндегі 10 бірдей эскалатор толығымен ауыстырылмақ. Жаңа жабдықтардың да қатары толығып жатқандығын осыған дейін де мәлімдегенбіз. Нақтырақ айтсақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың вокзал кешені ішінде емін-еркін кез келген баспалдақ арқылы жоғары қабаттарға көтерілуіне арналған мобильді жыланбауыр көтергіштің алғашқы сынақтан өткізіліп жатқандығы – осының айғағы. Қарқынды түрде ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, вокзал маңайын көгалдандыру, айналасын абаттандыруға да ерекше мән берілген. Себебі, қалаға келген қонақтарға алғашқы әсер осы вокзалдан қалыптасары анық, – деген вокзал  басшылығы, бұдан өзге «қыстың қамын жаз ойла» әдетімен алдағы қысқы маусымға дайындықтың қарқынды басталып кеткендігін тілге тиек етті. Вокзал басшылығы күнделікті еңбек ететін тоқсанға жуық қызметкердің  кәсіби біліктіліктерін жетілдіру жағынан да  қалыс қалмауда. Қарағанды қаласында  апталық курсқа жіберіліп, техникалық қауіпсіздік, сервис бойынша тәлім алуда. Ендеше, Астана-1 теміржол вокзалының есігі жолаушылар үшін әрқашан ашық.   Ардақ Зұлқажапқызы