Әйгерім БАҚЫШЕВА
Тиімді ұсыныстарға толы кездесу
2 мин чтения
Астанада Қазақстан, Әзірбайжан және Грузия темір жол әкімшіліктерінің басшылары Қазақстанның жүк жөнелтушілерімен, ірі операторларымен және жүк компанияларымен кездесті.
Кездесу барысында жүк тасымалы үшін қолайлы жағдай тудыру, өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Көбінесе, әңгіме Қазақстан, Әзірбайжан және Грузия аумақтары бойынша контейнерлік тасымалға, сондай-ақ, газ, мұнай, астық, металл өнімдері сияқты жүк тасымалына тарифтік мөлшерлемелердің төмендеуі туралы болды.
Біз экспорттық және импорттық тауарларды тасымалдау үшін қолайлы жағдайлар ұсынамыз. Мысалға, үстіміздегі жылдың соңына қарай біз Грузия темір жолдары арқылы Түркияға тікелей өткел ашамыз. Бұл жағдайда, сіздерге Түркияның оңтүстік порттарына, Солтүстік Африка мен Араб елдеріне шығу мүмкіндігі туады, – деді Әзірбайжан темір жолдары басшысының орынбасары Игбал Гусейнов.
Жаңа нарықтарды игеруге, тасымал көлемінің өсіміне қазақстандық экспортқа жасалып жатқан жеңілдікке ие тариф жағдайлары ғана емес, сондай-ақ, теміржолшылар ұсынып отырған жүкті жеткізудегі жаңа логистикалық схемалар да ықпал етпек.
Бүгінде біз Қазақстан бойынша жұмыс істеудеміз. Ең үлкен астық өнімі бізде. Біз оны Парсы шығанағы елдеріне экспорттауды жоспарлап отырмыз. Қазір келіссөздер жүргізілуде, Әзірбайжан және Грузия темір жолдарының өкілдерімен мөлшерлемелер келісіп шешілуде, жүк тарифтері туралы келісімдер жасалуда. Нәтижесі де жоқ емес. Бізге жеңілдіктер, баға түсірілімі беріліп отыр, – деп мәлімдеді «Солтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік компаниясының өкілі Ануар Хамитов.
Кездесу қорытындысы, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия теміржолшылары мен отандық жүк жөнелтушілер арасында орнатылған тікелей байланыстар тасымалды қамтамасыз ету барысында туындаған мәселелерді шұғыл және тиімді шешуге мүмкіндік беретінін айқын байқатты.