Аққыстау станциясында жүк  тиеу-түсіру процесі артқан.  Алғашқы жартыжылдыққа берілген жоспар 150 вагон болса, ол  259 вагонды құрап, жоспарды екі есеге жуық артығымен орындаған. Станция басшысы Гүлнар Жағыпарқызының  қарамағында 10 станция кезекшісі, 5 пойыз құрастырушы, 5 жүк қабылдап-тапсырушы, 3 жүк кассирі, барлығы  24 адам өнімді еңбек етуде.  –Станциялықтардың алаңсыз еңбек етуі үшін барлық қолайлы жағдай жасалып отыр. Мысалы, жұмысшылардың киініп-шешінетін орындары, жуынуға арналған душ, жұмыс орындары қажетті құрал-жабдық, оргтехникамен жабдықталған, – дейді Гүлнар Көшкімбаева. Станция бастығының айтуынша,  келер жылы Атырау Ірілендірілген жол дистанциясының жоспарында Аққыстау станциясынан Атырау бағытына қарай 16 км жердегі №16 бекет пен Бақсай бекетінің аралығындағы жолдарды күрделі жөндеуден өткізу бар екен.  Ал аталған станцияның жолына биыл жылы күрделі жөндеу жүргізу үшін құжаттары жинақталып жатқан көрінеді. Сондай-ақ,  «Астрахань – Атырау – Ақтөбе» республикалық тас жолдары алдағы жылы күрделі жөндеуден өтетініне  байланысты, қажетті құрылыс материалдары вагондарымен тасымалданатындықтан  Аққыстау станциясында  жүк түсіру жоспары екі есеге артады деп күтілуде.

Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ, Атырау