Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ, Атырау
Жоспар екі есе артады деп күтілуде
Оқуға 1 мин
Аққыстау станциясында жүк тиеу-түсіру процесі артқан. Алғашқы жартыжылдыққа берілген жоспар 150 вагон болса, ол 259 вагонды құрап, жоспарды екі есеге жуық артығымен орындаған.
Станция басшысы Гүлнар Жағыпарқызының қарамағында 10 станция кезекшісі, 5 пойыз құрастырушы, 5 жүк қабылдап-тапсырушы, 3 жүк кассирі, барлығы 24 адам өнімді еңбек етуде.
–Станциялықтардың алаңсыз еңбек етуі үшін барлық қолайлы жағдай жасалып отыр. Мысалы, жұмысшылардың киініп-шешінетін орындары, жуынуға арналған душ, жұмыс орындары қажетті құрал-жабдық, оргтехникамен жабдықталған, – дейді Гүлнар Көшкімбаева.
Станция бастығының айтуынша, келер жылы Атырау Ірілендірілген жол дистанциясының жоспарында Аққыстау станциясынан Атырау бағытына қарай 16 км жердегі №16 бекет пен Бақсай бекетінің аралығындағы жолдарды күрделі жөндеуден өткізу бар екен. Ал аталған станцияның жолына биыл жылы күрделі жөндеу жүргізу үшін құжаттары жинақталып жатқан көрінеді.
Сондай-ақ, «Астрахань – Атырау – Ақтөбе» республикалық тас жолдары алдағы жылы күрделі жөндеуден өтетініне байланысты, қажетті құрылыс материалдары вагондарымен тасымалданатындықтан Аққыстау станциясында жүк түсіру жоспары екі есеге артады деп күтілуде.