Шахида Жұман, Маңғыстау
Күзгі байқауға дайындық
2 мин чтения
Әне-міне дегенше, қылышын сүйреп қаһарлы қыс келетіндіктен өңірдің тамырына қан жүгіртіп отырған іргелі кәсіпорын – Маңғыстау жүк тасымалдау бөлімшесінде шаруашылықты қатал маусымда жұмыс жасауға дайындау жұмыстары басталып кетті.
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ – Маңғыстау бөлімшесі филиалының Өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Ернар Айдархановтың мәлімдеуінше, барлық дайындық-пысықтау жұмыстарының жағдайы қыркүйек-қазан айларының аралығында өтетін күзгі бақылау нәтижесінде белгілі болмақ. Іс-шара Маңғыстау темір жол бөлімшесіне қарасты аумақта 40-қа жуық бағыт бойынша өтеді. Ол үшін бөлімше бастығының бұйрығымен 35 адамнан тұратын комиссия жасақталған.
− Аталған тексеріс барысында ғимараттардың және темір жолдар мен өткелдердің, өндірістік базалардың, техниканың өзге де нысандар мен кадрлардың дайындығын қараймыз. Темір жол қызметкерлері қысқы жұмыс маусымында қолданатын техникамен танысты ма, техникалық сабақтар талапқа сай өтті ме, мамандардың жұмыс киімдері мен арнайы құралдары бар ма, жұмыс орындарында қажетті жағдай жасалған ба, бәрі-бәрі мұқият тексеріліп, кем-кетігі алдын ала анықталады. Кездескен кемшіліктер бойынша акт жасақталады. Олқылықтарды жою мақсатында бөлімшесі директорының төрағалығымен жиын өтіп, кең көлемде талқыланады. Әрі қарай тиісті шаралары алынады, – дейді Ернар Айдарханов.
Бұл дайындық жұмыстарынан темір жолмен бірге тыныстап отырған болат жолдың бойындағы шағын қыстақтар да тыс қалмайды. Разъезде тұрып жатқан халықтың күн көрісі қалай, ауыз суы бар ма, отын-көмірмен қамтылған ба, тағысын тағы мәселелері қарастырылуда екен.