Аймақтағы ардагерлер кеңесі ішінде, оның қатарында бастауыш ұйымдар арасында Жүк тасымалы - Жамбыл бөлімшесінің ардагерлер кеңесі – облыстағы үздік ұйым. Жақында Тараз қалалық ардагерлер кеңесі аталмыш ұйымда ардагерлерге арналған кезекті кеңес-семинар ұйымдастырды. Шара барысында аға буын өкілдері бөлімше ғимараты жанындағы ардагер-теміржолшы Байзақ Пірмановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Жамбыл локомотив пайдалану депосының музейінде болды. Депоның 90 жылдық тарихының тірі шежіресіне айналған мұрағатта екі ғасырдың жәдігерлері, оның қатарында еңбек адамдарының келбеті жасақталған. Ал кеңес-семинар өткен №13 Тараз теміржол колледжінде оқу орнының сексен жылдығына орай былтыр  арнайы музей ашылған болатын. Онда да көптеген деректер мен қолға түсе бермейтін құжаттар жинақталған. –  Біз аға буынның еңбек жолын бүгінгі жастар білсе дейміз. Олардың жүріп өткен жолы – кейінгі жас буынға үлгі-өнеге. Жамбыл локомотив пайдалану депосы мен осы колледждің музейінде өңірге, тіпті республикаға белгілі теміржолшылардың өмірі жайлы мол деректер бар. Жыл басында аталған колледжде Б.Пірманов атындағы арнайы сынып жасақтаған болатынбыз. Оның үстіне жыл сайын бес студентке стипендия тағайындап отырмыз. Осының барлығы – бүгінгі жас теміржолшыларға керек дүниелер. Олар да ертеңгі күні еліміздің экономикасын дамытуға өз күш-жігерлерін аямай салатын майталман теміржолшылар болатынына сенімдімін, – дейді Жамбыл бөлімшесі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Құрметті теміржолшы Сағымбек Ақшалов.

Арсен Байзақ, Тараз