Райхан Рахметова
Ынтымағы нығайған әріптестік
2 мин чтения
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ әлемдік темір жол компаниялары және темір жол машина жасаушыларымен әріптестігін дамыта түспек. Соның бір айғағы – осы жылдың 20-22 қыркүйегі аралығында Ұлттық компанияның Қанат Алпысбаев басқарып барған делегациясының Германияның Берлин қаласында өткен халықаралық «Inno Trans 2016» көрмесіне қатысуы.
Қазақстандық делегация темір жол көлігі көшбасшыларының саммитіне қатысып қайтты. Саммитке әлемнің 50-ден астам елінен өкілдер келіп, болашақта рельстік көлікті дамыту саласындағы өз ұсыныстарымен бөлісті.
Форум еуропалық және азиялық жетекші компаниялар өкілдері арасындағы диалогты дамытуға жаңа мүмкіндіктер берді.
Саммит қатысушылары сандық технологияларды енгізу, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, темір жол техникасы, белгі беру, байланыстың жаңа үлгілерін, жолдың жоғарғы төсемдерінің материалдарын, рельстік және доңғалақ-құрсау өнімдерін қолдану салалары бойынша білетіндерімен тәжірибе алмасты.
Өзге шетелдік темір жол компаниялардың өкілдері қазақстандық өндірушілердің өнімдеріне қызығушылық танытқан. Осы орайда, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты өздері өндіретін рельстер, үлгі түріндегі метал жаймасы, сонымен қатар өзге де сұрыпталым атауларын көрсеткен.
Берлинде өткен осы шара аясында «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы бірқатар темір жол әкімшіліктері және темір жол көлігінің көшбасшыларымен іскерлік кездесулер өткізген. «Ресей темір жолы» ААҚ президенті Олег Белозеровпен келіссөздер барысында «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аумақтары бойынша транзиттік жүк ағымын арттыру үшін қолайлы жағдай жасау, тасымал көлемін ұлғайту» мәселелері талқыланды. Сондай-ақ «Біріккен көліктік-логистикалық компания» акционерлік қоғамы шеңберінде екі жақты ынтымақтастық мәселелері де қаралды.
Ал Беларусь, Молдова, Латвия, Украина темір жол әкімшіліктерінің басшылары – В.Морозов, Ю.Топал, Э.Берзиньш, В.Болчунмен кездесу кезінде болашақта темір жол машина жасау, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту жайы қозғалды.
«GE Transportation», «Alstom», «Talgo», «Siemens», «Трансмашхолдинг» сынды халықаралық компаниялар басшыларымен келіссөздер барысында болашақта темір жол көлігінде машина жасау ісін дамыту мәселесі көтерілді.