Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Жаңа-Семейде қызу жұмыс
2 мин чтения
Күздің қоңырсалқын ауа райы басталысымен Жаңа-Семей жол дистанциясының жолшылары жол сауықтыру бойынша қарқынды жұмысқа көшті. Ел Шығысы бойынша ең күрделі телім саналатын бұл тарапта екшеп айтуға тұрарлық жетістіктер жетерлік.
Жалпы, ПЧ-40 – Жаңа-Семей жол дистанциясының жұмысы ауқымды. 239,3 км бас жолы бар, станциялық және қосымша қабылдап шығаратын жолдар көлемі 103,1 км құрайды. Байырғы Түрксіб желісі бойындағы 20 станция мен разъездер, оның ішінде жүк түсіріп-тиейтін Жаңа-Семей, Суық-Бұлақ, Шар, Жаңғызтөбе, Жарма сынды ірі өндірістік станциялар да осы телімнің құрамында.
Жаңа-Семей дистанциясы қарамағындағы желі бір бағытты, сондықтан да мұндағы жол шаруашылығындағы жұмыстар өзге телімдерге қарағанда біршама күрделі. Қос тараптан да Тальго пойызы сағатына 90-120 км жүйткиді. Жүк тасымалы да жыл бойы қарқынды. Сол себептен де жылжымалы құрам қозғалысына кедергі туындамауы үшін мейлінше уақыт ұту қажет.
Десек те, биылғы жылғы жоспарлы шаралар көзделген мерзімінде орындалуда. Атап айтсақ, орташа жөндеу жұмыстары 100 пайыз атқарылған. Ал ескірген рельстерді ауыстыру жұмысы жылдық жоспар бойынша 7,1 км болатын. Қазіргі күні оның 6,5 км толық жаңартылды. Қалғаны қараша айында тәмамдалмақ. Сонымен бірге, жүзеге асырылуы тиіс жұмыстар қатарында 5 темір-бетонды бағыттамалы бұрмалар төселмек. Жолшылар тек жеткізілуін күтіп отыр.
Қыс мезгілінде дистанция қарамағындағы телімдер бойынша қармен күрес жұмыстары өте қауырт өтеді. Бұл бағыттағы биылғы шаралар тыңғылықты жүзеге асырылуда. Желі бойындағы станцияларда қар тазалағыш техникалардан 7 бірлік бар. СДПМ мен СМ техникасының қос бірлігі ағымдық жөндеуден өткізіліп, тексеріліп, алдағы қысқы жұмыстарға даяр тұр. Сондай-ақ, қары қалың түсіп, жиі бұрқасындататын телім бойындағы шағын станцияларда биіктігі үш метр болатын, жалпы ұзындығы 6 км ағаш қоршаулар жөнделініпті.
Қысқа даярлық жұмыстары қазіргі уақытта толық тәмамдалды. Жаңа-Семей – Шар - Жарма телімдері аралығында ПЧ-40 мекемесіне қарасты 110 нысан бар. Ондағы жұмыстар жоспарға сай, көзделген меже бойынша жүргізілді.
– Жол күтімі кезек күттірмейді, жоспардан кешігуге тағы болмайды. Қазіргі күні №7 жол айрығы мен суырлы станциясы аралығында «Шар ПМС» мердігер мекемесінің көмегімен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Жоспарланған 21,8 шақырымның 11,8 км еңсерілді. Алдағы қараша айында толықтай аяқтауды көздеп отырмыз. Әзірге ауа райы да бізге қарасып тұр, – дейді дистанция басшысы Мұрат Мамырбаев.