Нұрбек БЕКЕН
Жолаушы құқығы назарда
1 мин чтения
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында Жолаушылар құқығын арттыру бойынша қызметтердің жаңа стандарты жасалуда.
Бұл Бірыңғай стандартта жолаушылар құқығы 7 маңызды үдерістер бойынша тәртіпке алынбақ. Олар, клиенттерді ақпараттандыру, вокзалдарда қызмет көрсету, билеттер сатылымы, пойыздардың санитарлық-техникалық жағдайы, сервистік қызметтер.
Жаңа стандарт талаптарын жүзеге асыру үшін қазіргі кезде азаматтардың құқығының бұзылуын жою шаралары жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері ұлттық тасымалдаушы кәсіпорынның ревизорлық аппаратымен сегіз мыңнан астам пойыз тексеріліп, 600-ге жуық билетсіз мінген жолаушы анықталған. Кінәлі тараптан 6 миллион теңгеден жоғары сомада тариф өндіріп алынған.
Үстіміздегі жылдың қыркүйегінен бастап Жолаушылар, багаж және жүк багажы ережесіне, жолаушының жауапкершілігін қатаңдату мақсатында, билетсіз мінген жағдайда, он есе артық мөлшерде тариф салу нормасы енгізілген.
Ал келесі жылы жолаушылар вагондарына бейнебақылау жүйесін енгізу қанатқақты жоба ретінде жоспарланып отыр. Сонымен қатар жолсеріктерге талаптар күшейтілуде. Қызметтердің жаңа стандарты шеңберінде еуропалық мамандардың жолсеріктерді келіп оқытуына қатысты меморандумға қол қою жоспарланған. Қазір испандық темір жол операторымен келіссөздер жүргізілуде екен.