Күні кеше Жамбыл өңірінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке - 25 жыл» ақпараттық пойызы екі бағытта жолға шықты. Бірі – «Жамбыл-Жуалы-Жаңатас», енді бірі – «Жамбыл-Шу-Шығанақ» бағытын бетке алған пойыздар Тәуелсіздік тойына тарту болмақ.    Ақпараттық топ өкілдері аймақтағы 31 станция мен разъезде болады. Олардың мақсаты  -  Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарындағы еліміз мен Жамбыл өңірінің жеткен жетістіктерін, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өсіп өркендеу, атқарылып жатан жұмыстарды шалғай елді мекендер мен станция тұрғындарына жеткізу, медициналық тексеруден өткізу, арзандатылған бағамен ауылшаруашылық тауарларын ұсынып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Ақпараттық пойыз құрамына облыс әкімдігі басқармаларының қызметкерлері, зиялы қауым, этномәдени орталықтар өкілдері мен ардагерлер, дәрігерлер мен мәдениет саласының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, барлығы 80 адам еніп отыр. Ал елдік шараның осылай жоғары деңгейде өтуіне «ҚТЖ» ЖТ» АҚ филиалы – ЖТ Жамбыл бөлімшесі ұйытқы болды.         Ақпараттық топ өкілдерін Жамбыл вокзалында шығарып салу салтанатында сөз алғандар аймақта дәстүрге айналған ақпараттық пойыздар сапарына сәттілік тіледі. Құрметті теміржолшы, ЖТ-Жамбыл бөлімшесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағымбек Ақшалов: «Бүгін Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған үлкен іс-шараның ортасында тұрғаныма қуаныштымын. Әсіресе, болашақ теміржолшылардың осындай елдік шараны жүрегімен сезіп, ортамызда тұрғаны қуантады. Ақпараттық топ мүшелеріне сәттілік тілеймін» деді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пен сала ардагері Сағымбек Ақшалов символикалық күміс қоңырауды соғып, ақпараттық пойызды жолға салды. Айта кетерлігі, пойызға тиелген 90 тонна азық-түлік тауарлары облыс орталығынан шалғай жатқа станция тұрғындарына қол жетімді бағамен сатылады. Ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылады.

Ерман Әбдиев, Жамбыл