Айнұр Қонарбаева, Ақтау қаласы
Қызметіне тәнті болдық
1 мин чтения
Жуырда №379-380-ші Алматы – Орал жолаушылар пойызы мен сапар шеккен біз жолсеріктердің қалтқысыз қызметіне тәнті болдық.
Біз №15 купелі вагонда жайғасқан едік. Вагон іші мұнтаздай тап-таза. Төсек-орын, жамылғы кіршіксіз аппақ. Бәрі орын-орнында тұр. Біздің вагонның жолсерігі жылы шырайлы, ширақ қимылды жігіт болып шықты. Үлкен-кішіге бірдей ілтипат көрсетіп, «жолдарыңыз болсын!» деп сәттілік тілесе, енді бірде «жақсылап, жайғасып алыңыздар, әлдене қажет болса, қымсынбай айтыңыздар» деді. Әп сәтте шәй да дайын болды. Арқа-жарқа шай ішіп, жанға жайлы тыныштық пен жайлылықта емін-еркін дем алдық. Кешкісін жолсерік тағы бір аралап өтіп, хал-жағдайымызды сұрады. Әңгімелесе келе, ширек ғасырға жуық жолсерік қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Бекболат Қоқаевтың өз мамандығын мақтан тұтатыны және жұмысына адалдығына тәнті болдық.
«Пойызға әрқилы адамдар мінеді. Біреуі сыпайы, енді бірінің мінезі қиындау. Біздің міндет солардың бәрімен де тіл табысып, оларға қызмет ету», – дейді Бекболат Абдуллаұлы.
Діттеген жерімізге демалып, аман-есен жеткен біз ертесі қонақжай үй иесіндей болған жолсерік Бекболат Қоқаевпен қимай қоштастық.