Ерман ӘБДИЕВ, Ақыртөбе
Өз «Локомотиві» бар
2 мин чтения
Ақыртөбе станциясында тұратын бес мыңға жуық халықтың дені – теміржолшылар. Жуырда станцияда шағын футбол алаңы ашылып, оған теміржолшылар жарық тартып, су жеткізіп берді. Енді алаң қоршауын сырлап бермек.
Айта кетерлігі, бұл шағын футбол алаңының ашылуына негізі ауыл тұрғындары мұрындық болған. Ақыртөбе станциясының бастығы Ізбасар Үсіпбеков футбол алаңы ашылған аумақта бұрын стадион болғанын айтады. Шаңы аспанға көтеріліп жататын алаңды заманауи үлгіде қайта жасақтау ауыл азаматы Анатай Қазмахановтың бастамасымен қолға алынып, пайдалануға беріліп отыр. Сигнал беру және байланыс дистанциясының учаске бастығы Әуелхан Базылбаев алаңды ашуға ауыл жастары құлшына кірісіп, өз күштерімен жүргізгенін жеткізсе, аудан спортының ардагері Әбілқасым Қайымбердиев алдағы күндері футбол алаңы маңынан волейбол және жаттығу алаңдары бой көтеріп, аумақта спорттық кешен болатынын жеткізді.
Осындай игі шараның ортасынан табылған «ҚТЖ» ЖТ» АҚ филиалы – ЖТ Жамбыл бөлімшесінің қызметкері, осы ауылдың тумасы Тұрсын Райымов та өз тарапынан демеушілік жасап, ауылдастарын қуантты. «Станция тұрғындарының бастамасына қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған Жамбыл бөлімшесіне осы ауылдың тумасы ретінде өз атымнан алғысымды білдіремін. Бүгін ашылу салтанатына келген жастар арасынан талай спортшылар шығарына сенімдімін», – деді ол.
Станциядағы шағын футбол алаңының ашылу салтанатына орай шағын футболдан жарыс өтіп, оған жеті команда қатысты. Ал теміржолшылардың демеушілігіне риза болған станция тұрғындары шағын футбол алаңын бірауыздан «Локомотив» деп атады.