Райхан РАХМЕТОВА
«ҚТЖ – ЖТ» кәсіподақтары бас қосты
2 мин чтения
«Қазпрофтранс» ҚБ-ның «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ бойынша филиалдарынан жиналған 80-нен астам делегаттар Астана қаласында арнайы конференцияда бас қосты.
Олар соңғы құрылымдық өзгерістерге қатысты және қоғамдық бірлестік Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты шешімдермен танысып, күн тәртібінде 5 мәселені қарастырды.
«Қазпрофтранс» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев төрағалық еткен жиынға «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ-ның даму және корпоративтік қамту бойынша вице-президенті Әділжан Исмұхамбетов қатысты. Делегаттар алдымен конференцияның президиумын, есептік комиссиясын сайлап алғасын, бұрынғы «Локомотив», қазіргі «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ кәсіподақ ұйымы кеңесінің 2015-2016 жылғы жұмысымен осы ұйым төрағасы Қанат Баетов таныстырды.
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ Кәсіподақ ұйымында 29 бастауыш кәсіподақ бар және 20 мыңнан астам қызметкер ұйымға мүше. Бізде Ұжымдық шартқа сәйкес барлық әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Жыл басынан бері филиал кеңесімен өткізілген отырыстар барысында бастауыш ұйымдар қызметін үйлестіруге, методикалық, практикалық жәрдем беруге, Ұжымдық шарттың негізгі ережелерін анықтауға бағытталған 20 мәселе талқыланды, – дейді ол.
Бұдан кейін мандат комиссиясының қорытындысы жарияланып, «Локомотив» кәсіподақ филиалы базасында құрылған «ҚТЖ – Жүк тасымалы» кәсіподақ филиалының төрағасын сайлау мәселесі көтерілді. Бұл қызметке «Ақмола – Жүк тасымалы» бөлімшесінің директоры Ермек Төлегенов ұсынылып, оны тағайындау үшін делегаттар өзара дауысқа салды. Талай жерде басшылық қызметтерді атқарып, еліміздің 5 аймағында еңбек еткен оның халыққа етене жақын жүретіндігі, жергілікті жерлердегі еңбек адамының әлеуметтік ахуалын жақсы білетіндігі атап айтылды. Жаңа кәсіподақ филиалының құрамы бекітіліп, оған бұрынғыдай локомотившілер, «ҚТЖ – ЖТ» АҚ-ның аймақтардағы жол бөлімшелері, вагоншылар, Жолаушылар тасымалы, тағы да басқа барлығы 76 мекеменің кәсіподақтары біріктірілгендігі мәлім етілді.
Конференция барысында «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігінің Жарғысына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар мәтіні таратылды. Онда жаңа редакциядағы жалпы ережелер, кәсіподақтың құрылуы, оның қызметінің негізгі қағидаттары, құрылымы, тармағы, тармақшалары, кәсіподақтың басшы органдары, кәсіподақтағы сайлау және кәсіподақ органдарын құру, кәсіподақ меншігі мен қаржылық қызметі жарияланған.