Ерман Әбдиев, Тараз
Түйткілді мәселелер талқыға салынды
2 мин чтения
Жүк тасымалы – Жамбыл бөлімшесінде жүк тасымалы шаруашылығының қызметкерлеріне арналған екі күндік семинар-мектеп өтті. Аталмыш шараға Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Шымкент бөлімшелері мен Достық, Алтынкөл, Сарыағаш станцияларының мамандары қатысты.
«ҚТЖ» ЖТ» АҚ Жүк және коммерциялық жұмыстар департаментінің директоры Болат Сүлейменов жиынның ұзын-сонар баяндамалар оқумен шектелмей, пікір-талас, диалог форматында өтуі көп тиімді екенін алға тартты.
– Бүгінгі семинар жұмысына қатысып отырған мамандар өздеріне қажетті мол деректер алады деген сенімдемін. Қандай жаңалықтар бар? Станциялардың кешенді жұмыс жасауына қандай көмектер бар? Міне осындай сауалдарға жауап іздейтін боламыз. Жүк тасымалы географиясының аумағы кең. Қазіргі таңда көліктік -логистиканың дамуына көп күш жұмсалуда. Шымкентте және Астанада логистикалық орталықтар ашылғалы отыр. Бұл кешеннің барлығы заманауи құрылғылармен жабдықталатын болады. Ондағы ұсынылатын қызмет түрлері де жаңа технологиямен жүргізіледі. Орталықтандырылған қызмет түрлері ұсынылады. Осы семинар алдында бөлімшелерден көптеген сұрақтар келіп түсті. Шымкент, Жамбыл, Алматы бөлімшелерінен сұрақтар көп болды. Келіп түскен сауалдардың жетпіс пайызына жауап дайын. Дегенмен, қалған сауалдарды шешу жолдары бүгінгі шарада қарастырылатын болады, – деді Болат Мұстафаұлы.
Семинар жұмысы барысында Жүк тасымалы жұмыстарының талаптары мен ұйымдастыру тобының І деңгейлі менеджері Ғани Есенбаев, Саладағы міндетті өнімдерді реттеу тобының І деңгейлі бас менеджері Рахила Абдрахимова, Сыртқы түйіспелі жұмыстар тобының І деңгейлі менеджері Бахыт Тілеужан, Ақпараттық жүйені сүйемелдеу тобының ІІ деңгейлі бас менеджері Гүлмира Ахметова, Мемлекеттік органдармен міндетті байланыс жүргізетін І деңгейлі бас менеджер Гүлжан Хайруллина, Жүк тиеу және түсіру тобының І деңгейлі менеджері Жазира Өміржанова мен Тарифті реттеу және методология тобының ІІ деңгейлі бас менеджері Наталья Байгазина қатысушылармен түрлі тақырыптарды талқыға салып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Екі күнге созылған сенминар жұмысына қатысушы бөлімшелердің өкілдері өз аймақтарында атқарылып жатқан жұмыстарды да сөз етіп, жүк айналымын арттыруға ықпал ететін факторларға назар аударды. Семинар жұмысында жүктердің сақталуына қатысты Әскериленген темір жол күзетінің жұмысына сын ескертпелер айтылды.