Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Тасымалда – Қаражыра көмірі
2 мин чтения
Бүгінгі таңда Семей теміржолында жүк тиеу мен жүк айналымы жоспарының басым бөлігі осы өңірге қарасты Қаражыра көмір кенішінің тапсырысы бойынша орындалып отыр.
Өткен жылы аталмыш кен орнынан тасымалданған қыстық қатты отын тоннасы рекордтық межеге жеткен болатын. Ағымдағы жылы теміржолшылар бұл көрсеткішті тағы да жаңартуды көздеп отыр. Ал бұл орайда бірқатар жағымды жаңалықтар орын алуда.
Қазіргі күні еліміздің көптеген ірілі-шағынды елді мекендерін, тіпті, жақын шет мемлекеттерді көмірмен қамтып отырған Қаражыра кенішінің ашылғанына биыл 25 жыл толады екен. Бір есептен осы мерейтой, екіншіден ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесі құрметіне кен орны өндірісті еселеп, әр отбасыға, тура мағынасында айтқанда жылу сыйламақ. Яғни, көмір өндіруді келергі жылдан бастап 8-10 млн тоннаға дейін арттырмақ. Соңғы екі жылда өндіріс деңгейі 6 млн тоннаға жеткізіліпті. Ал бүгінде толық қуатына енген, Республика бойынша әлеуетті компанияға айналған «Қаражыра Ltd» ЖШС-ның көмір тасымалындағы басты әріптесі Семей жүк тасымалы бөлімшесі. Кеніш орны ашылған 1991 жылдан бері 95 млн тонна көмір өндірілсе, соның жылына 6,0 млн тоннасы тек теміржолмен тасымалданады екен.
Қазіргі күні Дегелең станциясындағы жүк тиеу жұмыстары жаңа технология бойынша, соны тәртіппен жүргізіледі. Әрі жыл сайын қарқын алып, артып келеді. Мәселен, осыдан екі-үш жыл бұрын тәулігіне 225 вагон жөнелтілетін болса, бүгінде 420 вагонға жеткізіліпті. Яғни, 6 жылжымалы құрам сапарға шығады деген сөз. Айта кетерлігі, бұл көрсеткіш алдағы желтоқсан айынан бастап тағы да күрт қарқын алмақ. Өткен жылдың соңында Дегелең станциясынан тәулігіне 490 вагон көмір тиеліп, жоспар асыра орындалған еді.
Сондай-ақ, локомотив тартымдылығы артып, үнем есебінен де табыс еселенген.
Бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаевтың айтуынша, қазіргі күні семейлік теміржолшылар көмір тиеуде ең жоғарғы мөлшерде жұмыс жасауда. Алайда, алдағы уақыттарда «Қаражыра Ltd» ЖШС тапсырысы артатын болса, кеніш басында қосымша тұйық желілер салу қажеттілігі туады екен.