ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы бейсенбі күні кешкісін Шу өлкесіне келді. Пойыз мүшелерін Шу тұрғындары ыстық ықыласпен күтіп алды. Патриоттық әндер жиналған жұрттың Отанға, туған жер, тәуелсіздікке деген ыстық сезімдерін күшейтіп, жігерлендіре түскендей. Ел алдында сөз алған аудан әкімі Рүстем Дәулет халықты ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады. –Тәуелсіздік баршаға ортақ, жасампаз мереке. Одан асқан құндылық жоқ. Өңірдегі барлық игілікті істер ең алдымен халықтың бірлігі мен ынтымағы арқасында жүзеге асуда. Бүгінгі пойыз да берекелі бірліктің, елдіктің жарқын көрінісі. Пойыз құрамындағы азаматтар арқылы аудан тұрғындарына әр сала бойынша түрлі кеңестер мен көмектер берілмекші. Сондықтан, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының мүшелеріне аудан жұртшылығы өкілдері атынан зор алғыс білдіремін, – деп ақ тілегін жеткізді аудан басшысы. Бұдан кейін «Тәуелсіз Қазақстан» пойы­зы­ның штаб жетекшісі, профессор Әміржан Әлпейісов  сөйлеп, Шу өлкесін қазақ хандығының туы тігіліп, белгілі мемлекет және өнер қайраткерлері дүниеге келген киелі өлке ретінде, ұлы тұлғаларды еске түсіретінін айтты. –Біз Астананың, Елбасының сәлемін алып келдік. Насихат пойызы құрамында 271 адам бар. Олар министрліктердің жетекші мамандары, сарапшылар, медицина қызметкерлері, заңгерлер, ұлттық компания өкілдері. Біздің пойыздың мақсаты, тек ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар ғана емес, жұртшылықтың әлеуметтік және құқықтық жағдайларына назар аудару, – деді ол. Салтанатты шараның соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Ертесіне «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының мүшелері №10 Шу колледжінде білім саласының қызметкерлерімен және студенттермен білім саласына қатысты кеңес өткізді. Облыс әкімдігі білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының басшысы Саясат Есеев, 25 жыл ішінде қол жеткізілген жетістіктерді қысқаша баяндап, ал, білім беру кредитіне кепілдік беру және жобаларды дамыту департаментінің менеджері Қуаныш Мәулет білім саласындағы қаржыландыру жүйесі туралы айтып берді.

Арсен БАЙЗАҚ, Шу

Суретті түсірген Петр Норкин