
«Жол салғанның сауабы мол» деген сөз бар. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалында жол салу арқылы жолаушыны мұратына жеткізіп, сауапқа кенеліп жүрген жандар қатарында «Құрметті Жолшы» белгісінің иегері Әшімхан Ұзақбайұлы бар.
Аталған филиалдың пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің бас маманының бұл салада жүргеніне 22 жыл толған. Бүгінде облыстық, республикалық жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына басшылық ететін бөлімде еңбек етіп, аймақтағы 768 шақырымдық облыстық және республикалық жолдардың сапасының жоғары болуын үнемі назарда ұстайды.
– Жол жөндейтін ДЭУ мекемелеріне тапсырыс беріп, сосын ай сайынғы атқарған жұмыстарын бақылап отырамыз. Кемшілігін анықтап, талапқа сай болса қабылдаймыз. Сонымен қатар, жол нысандарында сервистік қызмет көрсету ісін жандандыру да біздің міндетке кіреді. Мәселен, аудандық әкімшіліктерден мектептің жаны сияқты халық көп өтетін жерге жаяу жүргіншілер жолын сызып, қауіпсіздік белгілерін қойып беру сынды өтініш хаттар жиі келеді. Жыл сайын көктем мен күзде жол бойындағы қауіпсіздік белгілерінің талапқа сай болуын қарап шығамыз. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғалары орын алса себебін анықтаймыз. Яғни «кінә көлік жүргізушіден бе, әлде жолдың сапасынан ба?» деген сауалға талдама жасап, алдын сол шақырымда мұндай жағдай тіркелген болса, жолды ретке келтіруді қолға аламыз. Қыстағы көк мұздарда кейбір апаттарға жолдың қатысы болуы мүмкін. Алайда, соңғы бес жыл ішінде жолшылардың яғни, бізге қарасты жол құрылысының кінәсінен апат болғаны тіркелмепті. Баяғымен салыстырғанда жол сапасы көп жақсарды, – дейді Әшімхан Колибаев.
Өскемен жол-құрылыс институтын бітірген маман еңбек жолын 1980 жылы Шымкент облыстық автожол басқармасында қозғалыс қауіпсіздігіне жауапты зертхана бөлімінің инженері болып бастайды. Содан бері осы жол саласының ыстық-суығын бір кісідей көріп келеді.
– Мердігер мекемелер жолды салу, жөндеу кезінде өздеріне берілген тапсырманы уақытында орындайтындай етіп шарт қойғанбыз. Келісімге келген соң, қабылдап алғанша жұмыс барысын қадағалаймыз. Тапсырған жұмыс уақытында атқарылуда. Кестеден қалып, ескерту естіген жағдай болған жоқ. Облыс бойынша бес-алты жол жөндейтін мердігер мекемелер жолды тазалау, қауіпсіздік белгілерін реттеу, щұңқырларды бекіту, күрделі жөндеу сынды жұмыстарды атқарады, – дейді маман.
Облыстағы негізгі жолдарға тоқталған Әшімхан Колибаев, әрине, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізіне ерекше тоқталды. Бүгінде аталған автожол арқылы Шымкент – Қызылорда бағытында жиырма бес мыңға дейін көлік қатынайды екен.
Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Шымкент