Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Бөлімше чемпионы атанды
1 мин чтения
Жаңа жыл қарсаңында Семей жүк тасымалдау бөлімшесі бойынша спорттың бес түрінен өткен біріншілік қорытындыланды.
Теміржолшылар бойынша әр мекемеден іріктелген 10 команда қатысқан кезекті чемпионат қараша айының алғашқы жұлдызында басталған болатын. Араға екі ай салып, жүлдегер теміржолшылар командалары анықталды.
Біріншіліктің шымылдығын түсірер соңғы сайыс шағынфутболдан өтті. Қатысушы командалардың осыған дейінгі жинаған ұпайлары арқылы ғана чемпиондар анықталатындықтан ақтық сайыста теміржолшылар барын салды. Нәтижесінде футбол бойынша ШЧ-39 командасы бірінші орынды еншіледі. Ал кейінгі орындарды ПЧ-39 мекемесі мен жүк тасымалдау бөлімшесінің ойыншылары еншіледі. Қорытынды сайыс осылайша бөлімше чемпиондарын анықтауда үлкен өзгерістер әкелді. Себебі, осыған дейін бас жүлдені бермей келген Семей станциясы мен Жаңасемей станцияларының ойыншылары бұл жолы байырғы мәртебелерін сақтай алмады.
Сөйтіп, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған чемпионаттың бас жүлдесін ең жоғары 125 ұпаймен Семей байланыс және белгі беру дистанциясының теміржолшылары еншіледі. Ал екінші орынға 106 ұпаймен Семей жол дистанциясының спортшылары тұрақтаса, жүлделі үшінші орынды осыған дейін спорттағы тынысы ашылмай жүрген «Транстелеком» филиалы ойыншылары 85 ұпаймен қанжығаға байлады. Барлық жеңімпаз командалар мен жекелеген ойыншыларға бөлімше басшысының алғыс хаты мен сыйлықтар табысталды.