Ерман ӘБДИЕВ, Жамбыл Суреттерді түсірген автор
Он жетінші қойма... «өртенді»
1 мин чтения
Жамбыл өртке қарсы пойызының жасағы бекітілген жоспарға сай кезекті оқу-жаттығу шараларын өткізді.
Алдын ала дайындалған сценарий желісі бойынша Жамбыл материалдық жабдықтау базасының №17 қоймасында («Д» санатындағы қойма) электр тоғының қысқа тұйықталуынан өрт шығып, күзетші тиісті орындарға хабар береді. Оқиға орнына алдымен жеткен Жамбыл өртке қарсы пойызының жасағы жедел әрекетке көшіп, өрт сөндіруге кіріседі. Аталмыш жасаққа Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметі де көмекке келеді. Ал, осы екі жасақ оқиға орнына жеткенше Жамбыл материалдық жабдықтау базасының ерікті өрт сөндірушілері өрт шалған қоймадан жалын жанындағы қоймаға тимес үшін нұсқаулыққа сай шараларды бастап та кетеді.
– Бүгінгі шара алдын ала бекітілген кестеге сай жүргізілді. Жаттығуға қатысқан барлық қызмет нұсқаулықтарға сай біліктіліктерін көрсетті. Жалпы, жаттығудың басты мақсаты – жоғарыдағы екі жасақ пен өрт сөндіруші еріктілердің бірлесе жұмыс жүргізу тәртібін пысықтау болатын. Ол мақсатқа жеттік. Жамбыл өртке қарсы пойызы жасағының сарбаздары да өте жоғары дайындықтарын көрсетті,–дейді Жамбыл өртке қарсы пойызы бастығының орынбасары Әбдісаттар Абуғаниев.