Семейлік теміржолшылар қала бойынша өтетін қоғамдық шаралардың көш басында.    Бұл жолы жол бөлімшесінің басшысы, қалалық мәслихат депутаты Марлен Көкірекбаевтың бастамасымен аймақ теміржолшылары облыстық аурухананың күндізгі балалар стационары бөлімінің кең ауласын тазартып, ағаш көшеттерін отырғызды. Сауабы мол игілікті шараға білек сыбана атсалысқан теміржолшылар айналасы бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде жалпы саны 70 түп ағаш отырғызды.  Семей жол бөлімшесі ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі, ардагер теміржолшы Нағима Мойынбаева бастаған сала қызметкерлері алма ағашы, жөке ағашы мен сирень көшеттерін екті. – Тал еккеннің сауабы мол дейді ғой. Бұл жолы қаланың тұрғындар ең тығыз орналасқан ауданына, облыстық аурухана алаңына жас өскіндер отырғыздық. Бұл жерде біздің еліміздің болашағы, балалар емделеді. Жас тал көшеттері солармен бірге бой түзесін деген ниеттеміз. Осынау тартуымыз бір есептен дәрігерлер қауымы мен ем қабылдаушы балдырғандар үшін семейлік теміржолшылар тарапынан естелік, – дейді Нағима Абдуайтқызы. Теміржолшыларға зор алғыс білдірген дәрігерлер қауымы жасыл желекті күтіп-баптауды өз міндеттеріне алды.

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей