Динар МЕЙІРМАН, Арыс
Машинист мәртебесі тағы асқақтады
2 мин чтения
«Машинист жылы» аясында қажырлы еңбегімен көзіге түскен Арыс және Түркістан локомотив пайдалану депосының бес машинисі «Құрметті локомотив машинисті» төсбелгісін кеудеге тақты.
Бұл күні «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ вице-президенті Марат Шакенов екі депоға арнайы келіп, машинистерді марапаттады.
Марат Арапбекұлы кездесу басында биыл еліміздің Егемендігіне ширек ғасыр толғанын, күні кеше Шу – Алматы бағытының екінші жолы мен Құрық порты сынды ел аумағындағы 23 инновациялық бағдарламалардың тұсауы кесіліп, Елбасы тікелей телекөпір арқылы іске қосқанын айта кетті. Тәуелсіздік алғалы қол жеткен жетістер мен теміржол саласының дамып, жаңа жолдар салынып, сол жолдарда жүйіткитін соңғы үлгідегі темір тұлпарлар көбейіп жатқаны ортақ жетістік екеніне тоқталды. Сондай-ақ, машинистердің қатал тәртіптегі жұмысының денсаулықтарына үлкен әсері болатындықтан, өткен жылы ұлттық компания басшыларымен бірлесе отырып, машинистердің салалық жәрдемақы алу жасын 57-ге бекіткендерін де айта кетті.
– «Жүк тасымалы» АҚ эталоны – локомотив бригадалары дер едім. Ол дегеніңіз – машинист пен машинист көмекшісі. Мен теміржолшы әулетінде өскен бірінші сыныпты машинистпін. Қазіргі қызметім басқа болса да, соңғы үлгідегі тепловоз, электровоздарды тізгіндеуді меңгердім. Себебі, кәсібіме қызығамын, әрі осы кәсіп иелерін құрметтеймін. Машинист тежегішті басқанда соңғы вагонның тоқтағанын сезіну керек. Сіздер – теміржол саласының өте мәртебелі мамандық иесісіздер, соны мақтан тұтуларыңыз керек, – деген Марат Арапбекұлы әріптестерінің қажырлы еңбегіне ризалығын білдірген астаналық қонақ «Құрметті локомотив машинисі» төсбелгісімен Арыс локомотив пайдалану депосының машинистері Тұңғышбек Мейірбеков пен Владимир Касьяновты, Шымкент локомотив айналым депосынан Жұмабек Әбішевті, Түркістан локомотив пайдалану депосынан Александр Жылков пен Аманжол Тәттібаевті марапаттады. Төсбелгімен қатар оларға 15 АЕК көлемінде сыйақы берілді.
Депо бастығы Қалдыхан Өтегенов ағымдағы жылы елеулі еңбегімен көзге түсіп, жақсы жетістікке қол жеткізген Мансұр Оспанов, Асылхан Арапов, Арқабай Әшірбеков, Мейірбек Иматтуллаевтарға Мақтау грамотасын табыс етті.