Әлеуметке бетбұрыс жасалуда
2 мин чтения
Семей теміржолы бойынша ағымдағы жылдың жартыжылдығы ішінде баса мән берілген әлеуметтік мәселенің бірі жергілікті теміржолшылардың жалақыларын жоғарылату болатын. Бұл ретте өткен 6 ай ішінде бірқатар ілкімді шаралар жүзеге асырылды.
Жуырда бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаевтың жетекшілігімен өткен басқосуда теміржолшы халықтың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу, демалыс маусымын оңтайлы ұйымдастыру, материалдық көмек, медициналық қызмет қолжетімділігі, ауызсу мәселесі т.б. кеңінен сөз болды.
Теміржолшы халықтың материалдық жағдайын жақсарту ең алдымен жалақыға байлагнысты екені сөзсіз. Ал жалақы көлемін жоғарылатуға бірінші кезекте өндірістің, сыртқы кірістің артуы себеп болатыны белгілі.
– Биылғы жылдың ішінде екі мәрте жұмысшылар жалақысын көтеру – «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы тарапынан берілген басымдықты тапсырмалардың бірі. Бұл жоспарлы шара бойынша бөлімше тарапынан межелі жұмыстар жүргізілді. Әуелгі кезекте облыстық және қалалық әкімдіктермен, кен өндіруші іргелі компаниялармен келелі келіссөздер жүргізілуде. Бұдан өзге аталмыш мақсатқа қол жеткізуге өңірдегі көмір тасымалының артуы да оң ықпал етуде. Сондай-ақ, құрылыс материалдарын жеткізуге молынан тапсырыс беруші клиенттермен жүйелі жұмыс жасалды. Нәтиже айтарлықтай жоғары, – дейді бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаев.
Жалпы, қазіргі таңда ұлттық компания басшысының тапсырмасы аясында әлеуметтік мәселелерге жіті көңіл бөлінуде. Бөлімшенің кадр бөлімі басшылары мен кәсіподақ ұйымдары да осы бағытта жанды жұмыс жүргізуде. Ал, желі бойындағы теміржолшылардың әлеуметтік ахуалына қанығу, жалақы, төлемақы, т.б. туралы сауалдарын тыңдау һәм түсінік беру мақсатында бөлімше басшысы Марлен Кәрімұлы бірқатар қызмет басшыларын, кадр, заңгер сынды мамандармен бірге шалғай станцияларда болып кездесулер өткізген болатын.
Қуаныш Қожаев, Семей