Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Теміржолшылар – «Бейбітшілік» акциясында
2 мин чтения
Биыл Семей ядролық сынақ алаңының жабылғанына 25 жыл толады. Осыған орай қаладағы Түйемойнақ аралында, «Өлімнен де күшті» монументі жанында 25 мың адамның қатысуымен «Бейбітшілік» акциясы болып өтті. Аталмыш шараға 200 теміржолшы қатысып, өз ұстанымдарын білдірді.
Антиядролық акцияға атом бомбасының зардабын шеккен алыстағы Жапония елінен һәм өзге де алыс-жақын шет мемлекеттерден меймандар келген болатын. Шаһардағы өзге де көптеген мекемелер мен ұйымдар мүшелерінің қатарында теміржолшылар да халықаралық ядролық қаруға қарсы іс-қимыл шараларына өзіндік үн қосатындықтарын жеткізді. Азалы монументке гүл шоқтарын қойған сала қызметкерлері полигон құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Расында, Семей жерінде ядролық сынақ жүргізуде тек физик ғалымдар мен әскерилер ғана емес, теміржолшылардың да өзіндік қатысы бар. Олар жаппай-қырып жоятын бомбалар сыналған өлкеге 142 шақырымдық Конечная-Семей тұйық желісін салды. Осынау жолмен атом реакторлары мен ядролық зарядтар тасымалданған жылжымалы құрамдарды қабылдап алып, жөнелтіп, қауіпсіздігін қадағалап отырды. Бұл қызмет радиациялық қауіптіліктің жоғары деңгейінде жүзеге асты. Сол себепті де сәулелену зардаптарын тартып, түрлі сырқаттарға шалдықты. Өмірлеріне елеулі залал келді. Полигон тақырыбына байланысты жабық әңгімелер аға буын теміржолшылар арасында там-тұмдап әлі де айтылады. Яғни, аталмыш тақырып семейлік сала қызметкерлері үшін де қаралы.
Теміржолшылар да акцияға қатысушы өзге елдерді Елбасының ядролық қауіпсіз әлем жолында барлық халықаралық қауымдастықты бейбітшілікке шақырған бастамасына қолдау көрсетуге шақырып, үндеуге үн қосты.
– Бейбітшілік акциясы – баршамыз үшін өте маңызды. Өйткені, Қазақстан ядролық қарудан бас татқан тұңғыш мемлекет ретінде әлемге үлгі болып отыр. Жаһан жұртшылығының елімізден үлгі алып, ізгілікке қолдау көрсетуі өте маңызды. Бұл ретте Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Атом» жобасына қол қойған болатын. Бүгінде Семей қаласында 40 мыңға жуық тұрғын арнайы петицияға қол қойды. Әрдайым бейбітшілікті қолдауға әзір болғандықтан мұндай шаралардан теміржолшылар да шет қалмайды, – дейді Семей жүк тасымалдау бөлімшесінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Асхат Жармұхамбетов.
«Бейбітшілік» акциясына Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун арнайы жолдауын жолдапты. Онда Елбасы Н.Назарбаевтың, күллі Қазақстан халқының әлемге қауіп төндірер алапат қарудың тоқтатылуына алғашқы болып қосқан үлесі жайында айтылады.