Темір жолдың пошта қызметінде еңбек ететін экспедиторлар жұмысы оңай емес. Пойыз аялдаған әр станция мен бекетке хат-хабар, газет-журнал, бандеролдар таратып жүретін олар бір сапарда кем дегенде үш-төрт күн, тіпті бір аптаға дейін жолда жүреді. Ақтөбе пошта экспедициясының қызметкерлері Асхат Раев пен Әділет Жарылғасын 7-8 жылдан бері жұп жазбай еңбек етіп келеді, екеуі жолға бірге шығады, бір бағытта қатынайды. Жұмыстары ортақ болғандықтан, өзара келісіп, кезекшілік етеді. – Үнемі жол үстінде жүреміз. Бұл жұмысқа әбден үйрендік. Бір купеге хат-хабар тиеп, жол бойы барлық аялдамаларда керекті мекен-жайға тастап кетіп отырамыз. Әрі, жолдағы елді мекендерден де хат, посылкалар жинап алып отырамыз, жұмысымыз өзімізге ұнайды, – дейді экспедитор жігіттер. Құжат тасымалдау – қолдан алып, қолға тапсыра салу емес. Олардың барлығы тіркеліп, сұрыпталып, қолдан-қолға өткенде міндетті түрде құжат толтырылып, қол қойылып, қабылдап алғаны не тапсырылғаны расталып отырылады. Жіберуші мен қабылдап алушының аты-жөндері жазылып, мөрлеріне де қойылады. Бұл, ең алыдмен қызметтің сенімдігі мен қауіпсіздігіне кепіл береді. – Ақтөбеден Атырау, Маңғыстау, Алматы, Астана бағыттарына қарай қатынаймыз. Жолда бес күн жүріп келсек, сонша күн демаламыз. Кейде сегіз сағаттық кесте бойынша кеңсе жұмыстарына араласамыз, –дейді Асхат Раев. Жалпы, хаттардың аман-есен иесіне жеткізілуіне экспедиция үш жылға дейін жауап береді екен. Яғни, пошта қызметі өздеріне осынша уақыт кез-келген тапсырылған затқа жауапкершілік жүктейді деген сөз. – Кейде пойыз аялдаған станцияларда хат-хабарды алып кететін адам болмай қалады. Артынан хабарласып, келесі станцияға тастап кетулерін өтінеді. Немесе қайтар жолда алып қалады. Бұл, әрине экспедиторлар жұмысына сын, хат-хабардың тиісті адресатқа дер кезінде және адаспай жету мүмкіндігін бір пайызға болса да шектейді. Сондықтан біз мұндай оқиғаның орын алмауына мүдделіміз, – дейді Әділет Жарылғасын.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе