Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Жанәділов құрметіне арналды
2 мин чтения
Сыр өңірі темір жолының өркендеп өсуіне қомақты үлес қосып, кадр саясатының оң шешілуіне үлкен еңбек сіңірген майталман теміржолшы, 1977-1990 жылдар аралығында Батыс Қазақстан темір жолы Қызылорда бөлімшесін басқарған «Еңбек Қызыл Ту» орденді құрметті теміржолшы Орынбай Жанәділовты еске алу мақсатында бөлімшеге қарасты темір жол мекемелерінің ерлер командасы арасында волейболдан турнир өткізілді. Бөлімше ішілік волейбол турнирі Еңбек күні мерекесімен тұспа-тұс келді. Турнирдің ашылу салтанатында Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Аманкелді Арысбаев пен Орынбай Жанаділовтің туыстары атынан ардагер теміржолшы Лепес Жаниязовтар естеліктер айтып, спортшыларға сәтттілік тіледі.
Қос мерекені облыстық «Динамо» спорт кешенінде атап өткен теміржолшылардың тоспа доп турниріне Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің «НОД ЖТ-10», Қызылорда локомотив пайдалану депосының «ТЧЭ-34», Белкөл станциясының «ДС Белкөл», Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясының «ЭЧ-25», Қазалы вагон пайдалану депосынан «ВЧД-6» және Қызылорда белгі беру-байланыс дистанциясының «ШЧ-39» құрамалары қатысып, өзара бақ сынады.Тартысты өткен жарыста «Үздік ойыншы» болып «ТЧЭ-34» құрамасынан А.Ысқақаов пен «ЭЧ-25-тен» Ғ.Жағалов танылса, «Үздік шабуылшы» номинациясы «ШЧ-39» командасының мүшесі Ж. Ерназаровқа бұйырды. Ал ойынның «Үздік қабылдаушы» атағына «ВЧД-6» командасының мүшесі А.Асаубаев лайық деп танылды. Ойын қорытындысында жүлделі үшінші орыннан Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясының «ЭЧ-25» құрамасы табылса, екінші орынды Қызылорда локомотив пайдалану депосының «ТЧЭ-34» құрамасы еншіледі, ал жүлделі бірінші орынды Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің «НОД ЖТ-10» құрама командасы қанжығасына байлап, арнайы диплом мен кубок табысталды. Сондай-ақ, жүлделі үш орынға «Қазақстандық салалық темір жол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда филиалы атынан дайындалған ақшалай сыйлық берілді. Турнир арасында құрама қомандалардың демалу, тамақтануы секілді жұмыстарын темір жол мекемелерінің кәсіподақ ұйымы төрағалары жоғары деңгейде ұйымдастырып, теміржолшылардың алғысына бөленді.