Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Тартоғайға таза су келеді
2 мин чтения
Теміржолсу-Қызылорда мекемесі 2012-2015 жылдар аралығында «Мөлдір бұлақ» бағдарламасымен аймақтағы сумен жабдықтау нысандарын қолданыс талаптарына сай сумен жабдықтау жүйелерінің нысандарында санитарлық-техникалық жағдайды жақсартып, талап үдесіне келтірген болатын.
Инвестициялық бағдарлама негізінде жүзеге асырылған шаралар тұтынушылардың көңілінен шығып, нәтижелі атқарылғандықтан игі жоба биылғы жылдың басында қайта қолға алынып, өңірдегі сумен жабдықтаушы мекемеде қарбалас тіршілік жалғасын тапты. Атап айтқанда, Теміржолсу-Қызылорда серіктестігі сумен жабдықтау жүйелерінің нысандарында санитарлық-техникалық жағдайды жақсарту шараларын Тартоғай станциясындағы су құбырын күрделі жөндеу жұмыстарымен жалғастыруда. Станциядағы 1,153 метрлік ескірген су құбырын заманауи құбырмен алмастыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Серіктестіктің Шиелі учаскесіндегі телім шебері Жанайдар Жолмановтың басқаруымен көнерген құбырлар қазылып алынып, жаңа құбырлармен алмастырылу жұмыстары басшылық тарапынан да қатаң бақылауға алынған.
–Қазіргі таңда Тартоғай учаскесіндегі көлемі 63-160 диаметр аралығындағы су құбырларын жаңалау, су қорғау аймағын техникалық талапқа сай жабдықтау шаралары «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы негізінде қомақты қаржы бөлініп жүргізілуде. Тұтынушының қолданысына таза ауыз су, жол бойы нысандарын тұрақты, қажетті сумен қамтамасыз ету үшін жұмыс жүргізетін мекеме жұмысшыларынан арнайы техникалармен жарақталған 12 адамдық бригада станциядағы жаңарту жұмыстарын жүргізуде. Өз істерінің шеберлері жұмылдырылған жұмыста экскаватор машинисі Нұрбол Түгелбаев, полиэтилен құбырларды дәнекерлеуші Махмут Сейдахметовтердің еңбектерін ерекше атауға тұрарлық, – дейді мемкеменің бас инженері Насыр Абдулла.
Әрине бағдарлама негізінде атқарылған шаралар ең бастысы жол бойындағы тұрғындар, теміржолшылар болып табылатын тұтынушылардың игілігі үшін жүргізілуде. Тартоғайдағы су құбырларының негізгі басты арналары жаңартылып, тұрғындардың ауласына ауыз су су айдау мұнарасынан шыққан қысыммен жеткізілетін болады.