Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Ардагерлерге арнайы дүкен ашпақ
1 мин чтения
Ақтөбе облысында темір жол саласының ардагерлеріне арналған арнайы әлеуметтік дүкен ашылуы мүмкін.
Бұл жөнінде Ақтөбе жол бөлімшесіне қарасты ардагерлер ұйымының төрағасы Бошық Қуатов бастама көтеріп отыр. Ардагер теміржолшының айтуынша, бүгінде жер-жерде қарияларға арналған арзан бағамен азық-түлік сататын сауда нүктелері ашылуда. Мұндай әлеуметтік бастамалар әкім-қаралар мен кәсіпкерлер тарапынан қолдау тауып келеді. Сондықтан, сала ардагерлері үшін де осындай әлеуметтік дүкен артықтық етпесі анық.
– Менің бұл ойымды бірқатар тараптар қолдап отыр, сондықтан бастамамызды жүзеге асыруға кірісеміз. Егер мұндай дүкен ашылатын болса, аса қажетті азық-түлік түрлері, көкөніс пен жарма, ұн-сүт өнімдері, ауыр шаруашылығы тауарлары нарықтағы бағаларға қарағанда арзанырақ сатылатын болады. Соның өзі ардагерлерге үлкен көмек, – дейді Бошық Қуатов.
Айта кетейік, бүгінде Ақтөбе жол бөлімшесінде 4 мыңнан астам сала ардагері бар.