ҚТЖ жастары Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесіндегі» мүмкіндігі шектеулі балаларды тағы да қуанышқа бөледі.
Бұл жолы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорының өкілдері аталмыш мекемеге 150 жиынтық төсек-жабдықтарын сыйға тартты.
–Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керектігін қадап айтқаны есімізде. «Бір жерде бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» демекші өткен жолы балаларды қуанту мақсатында ойыншық әкелген болатынбыз. Сол кезде мұндағы бүлдіршіндердің жан-күйін көзбен көріп, күнделікті қажетті заттарды беруіміз керек екен деп ой түйіп қайтқанбыз. Бүгінде аталмыш мекемеде созылмалы ауруларға ұшыраған, аутизмі, даун синдромы бар балалар тәрбиеленіп жатқандықтан, игі ісімізді көпке созбай, қордан бөлінген қаражатқа 150 жиынтық төсек-орынжабдықтарын әкеліп сыйға тартып отырмыз, – деді корпоративтік қордың директоры Ербол Ермұханұлы.
Қашанда қайырымдылық жасаудан алдарына жан салмайтын теміржолшылар өкілдеріне «Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің» әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Динара Мұратқызы алғысын білдіріп, алдағы уақытта да осындай игі істердің басынан табыла беріңіздер деген ниетін жеткізді.
Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК