Ірілендірілген Жамбыл жол дистанциясы жалпы ұзындығы 684,2 км жол теліміне қызмет көрсетіп отыр. Бүгінгі күні жолшыларды  толғандырып отырған  ең өткір мәселе – қозғалыс қауіпсіздігі. Бір жағы Жамбыл – Луговой – Шу,  келесі жағы Жамбыл – Қаратау – Жаңатасқа созылған жол бойында  жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілердің белгілі ережелерге бағынбай тайраңдауының соңы, өкінішке орай,  талай өкінішті оқиғаларға  алып келуде. – Ағымдағы жылдың өткен үш айында қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келтірген үш жағдай тіркелді. 30 қаңтар күні Үшбұлақ – Талас телімінің 3526 шақырымында 72 жастағы кейуана №2883 жүк пойызының астына түсіп мерт болды. Ал, наурыз айында Жамбыл – Талас телімінің 3517 шақырымында 49 жастағы әйел №2872 жүк пойызының астына түсіп қайтыс болды. Дәл осы телімде наурыз айында тағы бір 41 жастағы әйел 3511 шақырымында №379 жолаушылар пойызының астына түсті. Қалай дегенде, осы қайғылы оқиға құрбандарының барлығы дерлік – болат жол маңында тұратын тұрғындар. Олар бекітілген өткелдерден өтіп, Ережелерді сақтайтын болса, олқылықтың алдын алуға болатын еді ғой, – дейді Ірілендірілген Жамбыл жол дистанциясының өндірістік-техникалық бөлімінің инженері Мейрамкүл Шокбарова. Сондай-ақ,  темір жолдың бойында жайылатын қараусыз мал да алаңдаушылық тудыруда. Мал иелерінің салғырттығынан түрлі келеңсіз жағдайлар орын алуда.

Арсен Байзақ, Жамбыл