Арсен Байзақ, Жамбыл
Бөлімшеде жаңа басшы
1 мин чтения
Жамбыл жол бөлімшесінің мәжіліс залында өткен жиында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Бас инженері Бауыржан Орынбасаров бөлімше қызметкерлеріне жаңа басшыны таныстырды.
Бұл лауазымға бұған дейін Жамбыл жол бөлімшесі директорының орынбасары қызметін атқарып келген, теміржолшылар династиясының өкілі Берік Ақшалов тағайындалды. Алдымен Бауыржан Орынбасаров ұлттық компания президентінің атынан соңғы екі жылда Жамбыл жол бөлімшесін басқарып келген Дәулетбай Есімбековке алғысын айтып, жаңа басшының алдында тұрған міндеттерді тілге тиек етті. Дәулетбай Дасырұлы өз кезегінде осынау екі-үш жыл көлемінде бірлікте ұйымшылдықпен және түсіністік таныта жұмыс атқарған бөлімше қызметкерлеріне ризашылығын, алғысын білдіріп, теміржолшы әулетінен шыққан, Жамбыл жол бөлімшесінің жаңа директоры Берік Сағымбекұлының Ұлттық компания тарапынан білдірген сенімді ақтайтындығын, бөлімше жұмысын дөңгелетіп әкететінін атап өтті. Жиында қатысушы әулиеаталық теміржолшылар бұрынғы басшылары Дәулетбай Дасырұлын иығына шапан жауып, құрметпен шығарып салды.