Ерман Әбдиев, Жамбыл
Күрделі жөндеу толық орындалды
2 мин чтения
Ірілендірілген Жамбыл жол дистанциясына қарасты барлық жолдардың ұзындығы – 915,9 шақырым болса, оның ішінде бас жолдар 684,8 шақырымды, станциялық жолдар 212,2 шақырымды және ұзындығы 10,5 км кірме жолдарды құрап отыр.
Дистанциядағы қисық жолдар саны 320 дана, оның ұзындығы 115,8 шақырым. Түйіспесіз жолдар телімі 469,8 шақырымды құрайды. Оның ішінде бас жолдарда 454,8 шақырым болса, станциялық жолдарда 15 шақырым, түйіспелі жолдар ұзындығы 229,4 шақырым. Және дистанция аумағында 40 өткел болса, оның 16-на күзет қойылған. Бүгінде аймақтағы ірі жол дистанциясында 700 адам еңбек етіп отыр.
–Ағымдағы жылы бекітілген кестеге сай Тәтті – Аспара, Аспара – Шу телімдеріне және Жамбыл станциясындағы 4 шақырым жолға барлығы – 23 шақырым жолға күрделі жөндеу жоспарланған болатын. Бұл жұмыстар дер кезінде аяқталды. Жол төсімдерін тазартып, үстіне жаңа материалдардан тігілген торкөздер салынып, жол жағдайын жүз пайызға жақсарттық. Дегенмен, мерзімі өтіп, әрі қарай қолдануға жарамсыз 9 дана бұрмалы бағыттамаларды темір бетоннан жасалған белдемелермен ауыстыру шаралары алдағы маусым, шілде, тамыз айларына жоспарланып отыр. Және осы маусым айында рельстердің қолданыстағы мерзімінің өтуіне байланысты жоспар бойынша Бурыл – Шайқорық телімінің аралығында 0,8 шақырымға жөндеу жұмыстары жүреді. Дистанциядағы орташа жөндеу, көне түйіспесіз жолдарды ауыстыру, ескі жол материалдарын ауыстыру арқылы жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстары қаржылық дағдарыс салдарынан жоспардан алынып отыр, – дейді Ірілендірілген Жамбыл жол дистанциясының директоры Жүнісбек Табылдиев.