Бурабайда дәстүрлі жастар құрылтайы

Новости
27.06.2017, 12:46
Өткен аптада жер жәннаты Бурабайда  «ҚТЖ» ҰК» АҚ ұйымдастыруымен дәстүрлі «Сен болмасаң, кім?» корпоративтік лагерінің VIII құрылтайы түңлігін түрді. Жастар құрылтайына Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген отандық теміржол саласының 200-ге жуық жас өкілі бас қосты.  «Жасыл орман» шипажайына жиналған жастар алғашқы күнін бір-бірімен танысумен әрі Көкшенің көркін қызықтаумен өткізді. Екінші күні  шипажайдың кең залында дәстүрлі шараның ашылу салтанаты өтті. Көлік кешенінің жас өкілдері қолдарын жүрек тұстарына қойып мемлекеттік әнұранды шырқады.  Салтанатты жиынды ашқан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ персонал жөніндегі атқарушы директоры Нұржан Жапарқұл жиылған көпшілікті  жазғы корпоративтік жастар лагерінің ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. – Бүгінгі дүбірлі жиынның сәтті өтуіне ықпал еткен Ұлттық компания басшысы Қанат Алпысбаевтың атынан сіздерді «Сен болмасаң, кім?»  дәстүрлі жастар корпоративтік лагерінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Ұлттық компания  тарапынан әлеуметтік мәселелерге, оның ішінде жастар саясатына ұдайы  көңіл  бөлінуде. Тоқсаныншы жылдары елде жұмыссыздық белең алып, біз қандай жұмыс шықса соны істедік. Ал, сіздер нағыз бақытты шақта өмір сүріп жатырсыздар. Сіздерді Ұлттық компания тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, мынадай жағдай жасап отыр. Мұның бәрі мемлекетіміздің дамуының, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында жүзеге асып жатыр. Таяуда ғана Астанада жаңа  «Нұрлы жол» вокзалы ашылды. Онда да жұмыс жасап жатқан сіздердің құрдастарыңыз, кілең жастар. Әр жас маман «Мен болмасам, кім?» деп жұмыс жасайтын болса, еліміз ертең-ақ дамыған елдер қатарынан табылатын болады. Осында үздік жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жас теміршолшылар келіп отырсыздар. Араларыңызда болашақ көшбасшылар да болуы мүмкін. Мен сіздердің  еліміздің өркендеуіне өз үлестеріңізді қосады деп сенемін, – деді  Нұржан Бейсенбайұлы жастарға қарата.  Келесі сөз кезегін алған «Темір жол, авто, әуе және су көлігі еңбеккерлерінің қазақстандық салалық кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оразғали Ахметбаев та  кәсіподақ ұжымы атынан жас теміржолшыларға жылы лебізін білдірді. Биылғы жылы 25 жылдық мерейтойын атап өткен кәсіподақ  Ұлттық компанияның ең үлкен әлеуметтік серіктесі болып табылатынын айтқан ол, теміржол саласымен біте қайнасып келе жатқан ұйымның жастар қозғалысына да барынша назар аударатынын тілге тиек етті. Бұдан кейін жиналғандар көлік қозғалысының өткені мен бүгінен сыр шертетін шағын видеороликті тамашалап, темір жол саласы мамандарының ақжарма тілектері мен пайымды пікірлерін тыңдады. Салтанатты жиын соңында ҚТЖ басшылығы мен форумға жиналған жастар тамылжыған табиғат аясында естелікке суретке түсті.  Жақсылық жасап жарысқан... Жастар жиыны аясында өтетін дәстүрлі әлеуметтік-қайырымдылық жобасы «Жастар ынтасы марафоны» бойынша қатысушылар осы жылы «Еріктілер» тақырыбында жобаларын ұсынды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастардың әлеуметтік-қайырымдылық жобаcына жақсы дайындықпен келгені олардың жасаған слайдтарынан көрініс тапты. – Әр өңірден келген қатысушылардың жобаларын саралай келе, үздіктерін таңдадық. Ең бастысы, біздің теміржолшы жастардың жігері мен жан-жақтылығы сүйсінтті. Темірдей тәртіпті талап ететін салада қызмет етіп жүріп, осындай игі жобаларды да қатар алып жүрген жас теміржолшыларға  риза болдық, – деп ой бөлісті «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорының директоры Ербол Кеңгірбаев. Жақсылық жасап жарысқан жастардың жобаларына әділ бағасын берген қазылар алқасы үздік жобаларды анықтады. Нәтижесінде, Қызылорда үштіктен көрінсе, Жамбыл екінші орынға ие болды. Ақтөбеліктер «Біздің болашағымыз – сіздің еңбегіңіз» атты жобасымен жеңіс туын желбіретті. –Біз бұл жобамыз арқылы теміржол саласында жүріп, зейнеткерлікке бір жыл уақыты қалған аға буын теміржолшыларды саяхаттату мәселесін ұсындық. Өйткені қаншама жылдарын темір жол саласын өркендетуге қосқан жандардың еңбегі ерен деп ойлаймыз. Бейнеттің зейнетін көрсін деген мақсатта осы жобаны жасадық, – деді ақтөбелік Руслан Жұмағали.   «Миға шабуыл» жасау  Жастар лагерінің VIII сессиясының осы жылғы бағдарламасына алғаш брейнсторминг енгізілген. Ағылшындардан бастау алатын бұл «ақылға шабуыл» әдісін шетелдіктер терең меңгерген. Ұйымдастырушы комитеттің мүшесі Дархан Матаевтың айтуынша, біздің елге кенжелеп жеткен топтық дискуссия, топтық шешімдердің тиімділігін арттыру әдісі Ұлттық компанияда бұрын-соңды кең ауқымда қолданылмаған екен. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ корпоративті даму жөніндегі басқарушы директоры Ержан Төреқұлов жиналған жастарға топтық шешімдердің тиімділігін баяндап, пікір алмасты. Жас теміржолшылар үшін арнайы ватсап желісінен топ ашып, олардың тың идеялары мен тілектерін тыңдады. Табиғат апаттарынан зардап шеккен жандарға, теміржол саласы қызметкерлерінің балаларына көмектесу, балалар мен қарттар үйінің тұрғындарына қол ұшын созу сынды еріктілер тобының ұсыныстарын талқылады. Бұл ватсап желісінде  ашылған топқа ерікті жандар бір апта бойы өз ойларын ұсынатын болады. Барлық хаттар қаралып, ең үздік деген идея Ұлттық компанияға жолданып, болашақта іске аспақ. – Кез келген адам жақсылық жасағысы келеді. Әсіресе, жалындаған жастар түрлі қайырымды істерді атқаруға бейім тұрады. Осындай шараны ұйымдастыру арқылы ерікті, жігерлі жастардың «миларына шабуыл» жасап, ой түбінде жатқан идеяларын түрткілеп, жарыққа шығарамыз. Жастар көбіне ойларын ашық айтуға батпайды. Осы бағдарлама аясында олар ұсыныстарын ашық айтатын болады. Біз зерделей келе, қозғалыс саласына қатысты тың ойларды ортаға сап, алдағы уақытта жүзеге асыратын боламыз, – деді басқарушы директор. Бизнесті трансформациялау дегеніміз не? «Сен болмасаң, кім?» корпоративтік лагерінің қатысушыларына Ұлттық компания өкілдері арнайы келіп, Бизнесті трансформациялау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сала қызметкерлері «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ стратегиялық маңызды жұмыс көрсеткіштерінің бірі – бизнесті трансформациялау арқылы тиімді басқарудың жаңа жүйесі. Алқалы жиын барысында Ұлттық компания бизнесті жүргізудің әлемдік үздік  тәжірибелерін меңгеріп, ҚТЖ-ның тиімділігі жоғары трансұлттық корпорациясына айналуы керектігі жайы баяндалды. – Жаһандану дәуірінде жаңашылдық әлемді жаулаған тұста ҚТЖ сынды алып компания да алға өрлеуі тиіс. Өйткені көрші елдермен терезі тең дәрежеде болуы үшін, әрине пайдалы жұмыс коэффицентін жасақтау керек. Бизнесті трансформациялау дегенді дұрыс түсінбеген жандар Ұлттық компанияда болып жатқан тың өзгерістері бірден қысқарту жұмыстары жүргізіліп жатыр деп қабылдайды. Сіздермен кездесудегі басты мақсатымыз – әр өңірден келген ҚТЖ-ның өкілдері ретінде осы мәселені дұрыс түсініп, аймақтағы темір жол саласының мамандарына анық ақпарды жеткізсеңіздер деймін.  Бизнесті трансформациялау дегеніміз – басқарудың жаңа жүйесі арқылы компания жұмысын ортақ мақсатқа жұмылдыру. Яғни, өндірістік үдерістерді басқару, қозғалыс қызметі қауіпсіздігін көтеру әдістері  арқылы шығындарды азайтып, сұраныс иелерінің тапсырысын қанағаттандыру, – деп түсіндірді «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Бизнес трасформациялау орталығы» филиалы өзгерістерді басқару блогының бас менеджері Замир Серіков. Сонымен қатар, сөз кезегін алған компания өкілі Валерий Гайнутдинов «Өндірістік басқарудағы қауіпсіздік шараларының жаңа моделі» жобасы жайын баяндады. Қауіпсіздіктің барлық түріне тоқталған ол жас теміржолшылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.  Көшпенділер мұрасы қыш құмыра Жастар қолөнершілердің сан түрлі шеберлік сыныптарынан өтті. Соның бірі – қыштан құмыра жасау өнері. Көне асыл мұрамыз –  саз балшықтан қыш-құмыра жасау өнерін жетік меңгерген қыш шебері Ерболат Қарабдолдың айтуынша, қазақтың ұмыт боп бара жатқан бұл өнерін кез келген адам 45 сағатта меңгере алады екен. Ол үшін адамға тек ниет пен талап қана керек. –Бұл лагерьге келгелі өзімді жан-жақты дамытып жатырмын. Ең қызығы, теледидардан көріп жүрген қыштан құмыра жасап шыққаныма таң қалдым. Өйткені бұл өнер менің қолымнан келеді деп ойламаппын. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, айналдырған 5 минуттың ішінде әдемі құмыра жасап шықтым. Бұл құмыра осы күндерден естелік әрі  алдағы уақытта құрал ретінде пайдалануға болады екен, – деген өскемендік  Қалибек Жарқын құнды сыйлығын қолына алып, ризашылық сезімін жасыра алмады. ҚТЖ мен сегіз жыл қатарынан серіктес боп келе жатқан Ерболат Қарабдал жыл өткен сайын асыл мұраға деген қызығушылықтың артқанын тілге тиек етті. Қыш шеберінің қасынан шықпаған жас теміржолшылар жасаған құмыраларын түрлі-түсті моншақтармен әрлеп, олжалы боп тарқасты.  Креативті фотосуреттер  Корпоративтік жастар лагерінің ең қызықты жобасы – фотокросс екені белгілі. Өйткені қатысушылар осы жоба аясында креативті фотоларын ұсынады.   – Біз лагерьдегі алғашқы күннен бастап осы сайысты жүргіземіз. Бұл әрі қызық, сонымен қатар  әр аймақтан келген жастардың бір-бірімен етене араласуына жақсы мүмкіндік.  Әр өңірден келген қатысушылар осы сайыс барысында достасып, жеңіске жету үшін сан түрлі суреттерге түсіп сайысады. Темір жол тақырыбында қиялдарын ұштаған әр топтың тың және қызықты суреттері күн сайын қабырғаларға ілініп отырады, – деді ұйымдастырушы комитеттің мүшесі Айжан Сейтбаева. Бұл жолғы фотокроста шығармашылық шеберліктің шыңына жетіп, ең үздік суреттер ұсынған топ салтанатты кеште марапатталып,  бағалы сыйлықтарға ие болды.   Сұлулар мен серілер сайысы «Сен болмасаң, кім?» корпоративтік  жастар лагерінің VIII сессиясының соңы «Корпоративтік жастар лагері сұлтаны мен аруы» байқауымен түйінделді.  Көкше төрінде салтанат құрған сұлулар мен серілер сайысында еліміздің әр өңірінен келген  10  нәзік жандар мен 10 жігерлі жігіттер бақ сынасты. Бап пен бақ қатар сыналатын байқауда сыннан сүрінбей өткендер ғана жеңіс тұғырынан көрінбек. Алғашқы турда жас теміржолшылар өмірлік жолдарында идеал етіп көретін қазақтың жақсыларын сомдау арқылы өздерін таныстырды. Жігіттер Абай мен Махамбет, Мұхамеджан Тынышбаев , Шәмші сынды танымал тұлғалардың бейнесінде өнер көрсетсе, нәзік жандар Шара, Мәншүк пен Әлия сынды тарихта аты қалған арулар образын сомдады. Екінші турда өз өнерлерін кәсіби актерлардан кем түспей ортаға салса, сайыстың соңында дефиледе жүріп өтті. Әділқазылар ақылдаса келе, Қызылорда вокзалының анықтама кезекшісі  Кәмила Кенжебекті «Лагерь аруы» атануға, ал Шымкент жол бөлімшесінің жүк өткізушісі Айдос Сатыбалдыны «Лагерь сұлтаны» болуға лайық деп тапты.   Шебердің қолы ортақ  Барған жерден базарлық ала жүретін ұлттың ұрпағы емеспіз бе?!  Жастар қолөнер шебері Ардақ Шатаеваның басқаруымен түрлі әшекей бұйымдар жасады. Асылында, сатып алған сыйлықтан гөрі қолдан жасалған дүние бағалы. Осыны түсінген жас теміржолшылар ұл-қыз демей, жаппай қолөнерге қызығып,  киізден түрлі әшекей бұйымдар мен телефон қабын жасады. Туған-туыс, жақындарына Көкше жерінен сыйлық апаратын болды. – Өмірдегі ең абзал жандар анам мен жарыма қолдан сырға жасадым. Өз қолыңмен жасаған дүниеңе жан беріп, махаббатпен жасайсың, оны сыйға алған адам да сезіп тұрады. Киізден сырға, телефон қап жасау барысында түсінгенім, қолөнермен айналысу арқылы миыңды тынықтырып, ойыңды жүйелеп, шабытыңды шарықтатып алады екенсің. Бұрын әжелеріміздің киіз басып жататын көретінбіз, ал бүгін заман ағымына қарай сол киізден түрлі әшекей бұйымдарын жасауға болатынына көз жеткіздік, – деп ой бөлісті жамбылдық инженер-технолог Дәулетбек Жолдасбаев. –Қолөнер – адам жанының емшісі. Кез келген жан қолдан бұйым жасау арқылы шыдамдылығын шыңдап, төзімділігін түзейді. ҚТЖ жастарына қарап риза болдым, бір сәтте біраз нәрсені меңгеріп алды. Көп жерде шеберлік сыныптарын өткізіп жүрмін, бірақ ҚТЖ жастарындай еңбекқор да бейім жастарды әлі кездестірмеппін, – деп ризашылығын білдірді  қолөнер шебері Ардақ Шаймерденқызы. 

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ

Новости
23.07.2024
Повышение эффективности казахстанских морских портов обсудили в Актау
Регионы
23.07.2024
Внутренние тренеры КТЖ провели выездное обучение в Уральске
Регионы
23.07.2024
Итоги работы за второй квартал по предупреждению несчастных случаев подвели в Акмолинском отделении ГП
Регионы
23.07.2024
Летние путевые работы продолжают вести в Карагандинском регионе
Новости
23.07.2024
Первый контейнерный поезд пройдет через Казахстан из Ирана в Китай по коридору «Север-Юг»
Новости
23.07.2024
Правила железнодорожных перевозок изменят в Казахстане
Новости / Архив
23.07.2024
Газета «Қазақстан теміржолшысы», №60 от 23 июля 2024 года
Грузовые перевозки
22.07.2024
АО "Кедентранссервис" заключило договор с Hamburger Hafen аnd Logistik AG
Грузовые перевозки
22.07.2024
Более тысячи тонн керамической плитки отправили в Казахстан по МТК «Север-Юг»
Новости
22.07.2024
Глава KAZLOGISTICS посетил порты Актау и Курык
Грузовые перевозки
22.07.2024
Условия нахождения и использования транспортных средств международной перевозки установили на таможенной территории ЕАЭС
Новости
22.07.2024
Казахстан прорабатывает экспорт пшеницы через Бейнеуский терминал в Афганистан и Пакистан
Новости
22.07.2024
Строительство новой железнодорожной магистрали обсуждают Казахстан, Туркменистан и Афганистан
Новости
22.07.2024
Пропускную способность восточного направления транспортного коридора «Север-Юг» через Казахстан увеличат до 10 млн тонн в год
Пассажирские перевозки
22.07.2024
Оформленный в честь 125-летия Каныша Сатпаева поезд отправился со станции Нұрлы жол в Жезказган
Новости
19.07.2024
Самрук-Қазына: Около 330 млрд тенге недополучило КТЖ из-за субсидирования грузоперевозок
Новости
19.07.2024
Казахстан намерен продолжить активное участие в развитии Восточной ветки Север-Юг - Карабаев
Новости
19.07.2024
Общий трудовой стаж династии железнодорожников из Алматы достиг 820 лет
Новости
19.07.2024
Цифровые тенге направили на строительство участка железной дороги «Достык-Мойынты»
Новости
19.07.2024
Новые маневровые тепловозы прибыли в эксплуатационное локомотивное депо Жана-Есиль