IMG-20160730-WA0058

Ақтөбе темір жол вокзалында тағы да... өрт шықты. Әрине, әдеттегісінше, оқу-жаттығу шаралары аясында, шартты түрде. Өрт сөндіру пойызының жігіттері шеберліктерін шыңдау мақсатында жаттығуды жиі өткізеді.

Бұл жолы вокзал ішіндегі сауда нүктелерінің бірінен жалын тұтанған. Сағат күндізгі 12-лер шамасында вокзал қызметкерлері бар, жолаушылары бар, 500-ден астам адам ғимараттан сыртқа шығарылды. Ақтөбе өрт сөндіру пойызының бастығы Әділ Құбаевтың айтуына қарағанда, оқу-жаттығу шараларының мақсаты өрт сөндіру пойызы мен өрт қауіпсіздігіне жауапты құрылымдардың бірлесіп жұмыс жасау барысы мен дайындығын пысықтау. –Барлығы ойдағыдай өтті. Жалпы, жыл басталғалы бері ешбір өрт оқиғасы тіркелмеді. Былтыр да біздер үшін тыныш өтті. Мұның барлығы, менің ойымша, алдын алу шараларының дер кезінде, ойдағыдай қолға алынып жатқандығынан деп сеніммен айта аламын. Себебі біздің жігіттер жаттығу өткізген сайын сол аймақтың  өртке қауіпсіздігін толық бақылаудан өткізеді, – дейді Әділ Құбаев. Оқу-жаттығу шараларына әскерилендірілген күзет қызметі, желідегі ішкі істер бөлімінің өкілдері, вокзал жұмысшылары, тағы басқалар қатысты. –Шартты түрде вокзал ғимаратының жоғарғы қабатынан екі адамды баспалдақпен түсірдік. Сонымен бірге, белгілі бір уақыт аралығында қимыл-әрекетімізді есептедік. Жігіттер өздерінің ептілігі мен жылдамдығын тағы бір дәлелдеді. Біз әдетте тек темір жолдың маңайындағы емес, қала, облыс аумағындағы өрт сөндіру қызметтеріне де қол ұшын созып келеміз, – дейді өрт сөндіру пойызының бастығы. Оның айтуынша, таяуда Ақтөбеде орын алған «Қазақстан қағаздары» мекемесі мен «Локомотивное» көшесіндегі өрт оқиғаларын ауыздықтауға Ақтөбе өрт сөндіру пойызының жігіттері қатысқан.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе