АҚШ-тан Қазақстанға контейнерлік жүк тасымалы ұйымдастырылды
«Узтемирйулконтейнер» АҚ халықаралық жүк тасымалының географиясын кеңейту аясында АҚШ-тан Қазақстанға контейнерлік тасымал ұйымдастырды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Компания АҚШ-тың Аризона штатындағы Чандлер қаласынан Алматыға 40 футтық алты контейнер жөнелтті. Контейнерлерге жол құрылысына арналған арнайы техника тиелген.
Жүк алдымен Чандлер қаласынан автокөлікпен Лос-Анджелес портына жеткізілді. Одан кейін контейнерлер теңіз арқылы Қытайдың Циндао портына жөнелтіліп, бұл бағыттағы тасымал 19 күнге созылды.
Келесі кезеңде контейнерлер Циндао портынан теміржол арқылы Қазақстанға жеткізіліп, Алматы-1 станциясына жөнелтіледі.
Компанияның мәліметінше, бұл тасымал халықаралық логистика нарығындағы қызмет географиясын одан әрі кеңейтуге және «есіктен есікке дейін» қағидаты бойынша кешенді логистикалық қызметтерді дамытуға мүмкіндік береді.