2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Транскаспий халықаралық көлік бағытымен (ТХКБ) Қазақстан аумағы арқылы Батыстан Шығысқа жөнелтілетін транзиттік жүк көлемі 4,3 есе өсті. Көрсеткіш 50,6 мың тоннадан 216 мың тоннаға дейін артқан, деп хабарлайды Rail-news.kz.
ТХКБ халықаралық қауымдастығы бұл өсімді, ең алдымен, қант тасымалының ұлғаюымен байланыстырады.
ASCO келтірген есептегі деректерге сәйкес, Баку – Құрық бағыты бойынша паромдармен тасымалданған жүк көлемі 25 пайызға артып, 387,5 мың тонна бруттоға жеткен. Өсімге Бразилиядан Қазақстан мен Қырғызстанға жеткізілетін қант тасымалы әсер еткен.
Бразилиялық қанттың салыстырмалы түрде төмен бағасы оны Қара теңіз бен Каспий теңізі арқылы өтетін ұзақ логистикалық бағытпен жеткізуге сұранысты арттырып отыр.
Бразилиялық қант алдымен теңіз арқылы Грузияның Поти портына жеткізіледі. Одан кейін жабық вагондарға тиеліп, Әзербайжан аумағы арқылы Каспий теңізіндегі паром өткелдерімен Орталық Азия елдеріне жөнелтіледі.
Осылайша, қант тасымалы Транскаспий бағытының Батыстан Шығысқа қарай кері жүктемесін қалыптастыруға ықпал етіп отыр.