Темір жолда локомотивтердің маневрлік жұмыс өнімділігі артады. Семей жүк тасымалы бөлімшесінің Жаңа-Семей станциясында маневрлік локомотивтерді пайдалану уақытын бөлек есепке алудың автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта IT-жүйені әзірлеу және енгізу бойынша техникалық тапсырма әзірленуде. Бағдарлама маневрлік локомотивтердің нақты жүктемесін бағалауға, деректерді өңдеудің сенімділігін арттыруға, адам факторының әсерін азайтуға, станция жұмысындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмауға, сондай-ақ жалпы өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

– Бұл жұмыс «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Цифрлық трансформация» бағдарламасының «Маневрлік жұмыстың тиімділігін арттыру» жобасы аясында жүргізілуде. Оның негізгі міндеті – маневрлік жұмыста локомотивтерді қолданудың тиімділігін арттыру, барлық жүк станцияларында вагондарды уақытылы беру/алып кетуді қамтамасыз ету, – дейді жоба директоры Нұржан Келбұғанов.

Пилотты енгізу қорытындысы бойынша жобаны «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің барлық бөлімшелеріне енгізу жоспарлануда.