Вайбкодинг: болашақ мамандарға жаңа мүмкіндік
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
«Самұрықнама: 20 игі іс» акциясы аясындағы ізгі іс-шараның бірі – болашақ мамандарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды құрал – цифрлық технологияларға арналды.
Цифрлық даму күні аясында теміржол колледж студенттеріне ҚТЖ-ның «100 жас есім» бағдарламасының түлегі Рустам Сабитов вайбкодинг бойынша арнайы оқу өткізді. Айта кету керек, еліміздің теміржол колледждерінде дәстүрлі дәрістерден біртіндеп бас тартып, IT әлеміндегі озық тәжірибелерді оқу үдерісіне енгізу үрдісі кеңейіп келеді. Соның жарқын бір көрінісі, студенттерге арнап өткізілген «вайбкодинг» пен генеративті жасанды интеллектке арналған ерекше сабақ еді. Болашақ теміржол мамандарына цифрлық өнімдерді небәрі ой мен дұрыс қойылған тапсырма арқылы жасауға болатыны көрсетілді.
Құрғақ теорияның орнына – интерактивті тәжірибе. Студенттер заманауи технологиялардың дәстүрлі өндіріс пен бағдарламалаудың арасындағы шекараны қалай жойып жатқанын іс жүзінде көрді.
«Вайбкодингтің мәні қарапайым: жұмыс істейтін цифрлық прототип жасау, күнделікті қайталанатын процесті автоматтандыру немесе ыңғайлы интерфейс әзірлеу үшін енді бағдарламалау тілдерінің синтаксисін жылдар бойы үйренудің қажеті жоқ. Мұнда ең бастысы – міндетті нақты түсіну, логикалық ойлау және жасанды интеллектпен дұрыс промпттар арқылы тиімді жұмыс істей білу», – дейді Рустам Сабитов.
Кездесу шын мәнінде еркін әрі қызықты атмосферада өтті. Студенттер алғашқы минуттардан-ақ үдеріске белсене араласып, жаңа құралдардың болашақ кәсіби қызметінде қалай пайдаға асатынын қызу талқылады.
«Студенттер үшін бұл неге маңызды?» деген сұраққа келетін болсақ, жауап айқын. Бүгінгі колледж түлектері цифрландыру деңгейі күн сайын артып келе жатқан кәсіпорындарда еңбек етеді. Вайбкодинг дағдыларын меңгеру оларға үлкен мүмкіндік береді, яғни олар енді тек тапсырманы орындаушы емес, цифрлық шешімдерді әзірлей алатын маманға айналады. Бұл тәсіл инженерлік ойлау қабілетін дамытып, дүниетанымды кеңейтеді әрі инновацияларға жол ашатын кедергілерді айтарлықтай азайтады.
«Сондықтан көлік саласында мұндай мамандарға сұраныс жоғары. Ірі холдингтер мен олардың еншілес ұйымдары цифрлық трансформацияны өндірістің өзінен бастап ілгерілете алатын кадрларға мұқтаж. Ал жас маман өндіріске келіп, жасанды интеллект көмегімен операциялық шығындарды азайтып, процестерді оңтайландыру жолдарын түсініп тұрса, бұл компанияның жалпы тиімділігіне елеулі серпін береді. Өткен сабақтың басты нәтижесі де осыны көрсетті. Яғни теміржол колледжінің жастары технологиялық революцияны сырттай бақылап отырған жоқ, керісінше, оны белсенді түрде ілгерілетуге дайын екендерін көрсетті. Жастар заманауи цифрлық құралдармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерімен танысып, өз білімдерін тәжірибеде сынап көрді. Сондықтан ҚТЖ-ның цифрлық болашағы бүгіннен бастап қалыптасып жатыр деуге толық негіз бар», – деп атап өтті «100 жас есім» бағдарламасының түлегі Рустам Сабитов.
Сонымен қатар студенттер үшін теміржол мұражайына экскурсия ұйымдастырылды. Жастар саланың тарихымен танысып, теміржол мамандығының өткені мен бүгініне көз жүгіртті. Бұдан түйгеніміз, білім мен тәжірибе тоғысқан әр кездесу – болашаққа жасалған қадам!