Бимашев Данияр Саматұлы
1991 жылдың 4 сәуірінде Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Қиыл ауылының көп балалы отбасында дүниеге келді.
Қалай ойлайсыз, сіздің тұлға ретінде қалыптасуыңызға не ықпал етті? Тек білім алғандар ғана сауатты маман деп санала ма?
Менің тұлға ретінде қалыптасуыма жанұяда алған тәрбие, үлкен буынның тәлімгерлігі, әскери қызмет, өзіндік тәртіп, жақсы кәсіби білім, ұжымдағы жағымды ахуал, өз еңбегіме деген махаббат өте көпықпал етті. Алдымен, сауатты маман деп нені түсінеміз? Тарихта ізі қалған қаншама әйгілі тұлғаларды білеміз және де олардың басым бөлігі арнайы білім алмағаны да мәлім. Мысалы Томас Эдисон, Генри Форд, Эдвин Лэнд, Билл Гейтс, Стив Джобс, Марк Цукерберг және т.б. Яғни, өз ісінің үздік маманы болу үшін сол іске деген сенімі, шынайы ынтасы мен ұмтылысы маңызды. Заман талабына сай жоғары білім алу кәсіби біліктілікті арттырудың механизмі деп түсінемін.
Өзіңіз туралы, өміріңіздегі маңызды (өзгеріс әкелген) оқиғалар туралы айтып берсеңіз.
Теміржол саласына қызметке келуіме М.Тынышпаев атындағы Көлік және Коммуникациялар Академиясына оқуға түскенім ықпал етті. Академия қабырғасында теміржол саласының беделді ғалымдары мен ұстаздары өздерінің тәлімгерлігі арқылы теміржол саласына деген қызығушылықты арттыра түсті.
Кәсіби мансапты бастағанда ата-ананың қолдауы маңызды ма?
Ата-ананың қолдауы кез келген бастамада маңызды болып табылады. Кәсіби мансапты таңдауым – бірінші менің қалауым, екінші ата-ананың кеңес беріп қолдауы.
Өміріңізде немесе әріптестеріңіздің арасында үлгі тұтқан адам болды ма? Неліктен ол адам?
Менің үлгі тұтатын адамым – ол қазақтың тұңғыш инженері Мұхамеджан Тынышпаев. М. Тынышпаев жан-жақты дарынды тұлға болған. Қазақ тарихының қалыптасуына үлкен ықпал еткен. М. Тынышпаев үнемі білім алғысы келген дарынды жастарды қолдап қол ұшын созатын. Өз елінің патриоты бола отырып коғамға білім мен жаңалықтар енгізіп отырды. Түрксіб құрылысы кезінде теміржол құрылысы бойынша курстар енгізді. М.Тынышпаевтың қызметтік тәжіребесіне сүйене отырып, мен өзімнің өмірлік мамандығымды таңдадым.
Көп әрі өнімді еңбек еткен адам қалай демалады? Қандай хоббиіңіз бар, немен әуестенесіз?
Қазіргі таңда бәсекеге қабілетті болу үшін қызметкер өнімді көп еңбек етуі керек. Алайда, үнемі көп жұмыс жасайтын адамның еңбек өнімділігі төмендемеуі үшін демалысын дұрыс жоспарлап отыруы қажет. Мысалы, мен тауға шығып табиғаттан күш-қуат аламын. Сүйікті хоббиім – мобилография, дронмен видео роликтер түсіру. Жұмыстан тыс уақытта қоғамдық-әлеуметтік іс-шаралармен айналысамын, кәсіби тұрғыдан әлеуметтік желілерді жүргіземін, үнемі кәсіби мамандығымды шыңдайтын курстар мен семинарларға қатысып отырамын.
Отбасыңыз сіздің жұмысыңызға қалай қарайды?
Менің ата-анам менің таңдаған мамандығыммен мақтан тұтады.
Қандай жеке қасиеттеріңіз жұмыста табысқа жетуге көмектеседі (мансаптық өсуге ықпал етеді)?
Мен жұмыста адалдық, жауапкершілік, ұйымдастырушылық қабілетті, коммуникабельділік, мақсатқа ұмтылушылық, тәуекелділік, стратегиялық ойлау, бастамашылық, үнемі өзін-өзі дамыту сияқты қағидаларды ұстанамын.
Жақын болашақта қандай жоспарыңыз бар? Қандай құзіреттер мен шыңдарды бағындырғыңыз келеді?
Компанияның дамуына белсенді қатысуға, өзгерістерді енгізетін лидерлер қатарынан болуға, өзімнің кәсібімді жетілдіру арқылы жаңа қызмет салаларын игеруге ат салысамын.
Университеттен кейін жұмысқа тұруға келген жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?
Әйгілі американдық лектор және «Жоғары өнімді адамдардың жеті дағдысы» атты кітаптың авторы Стивен Кови былай деген: «Өміріңізді жұмыспен толтырмаңыз, керісінше жұмысыңызды өмірмен толтырыңыз». Яғни, жұмысын бар ықыласымен ұнатып қызмет еткен адам ғана жоғары жетістіктерге жете алады.