Бозтаева Толқын Қайратқызы
«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы - «Көпсалалы қызмет көрсету орталығы» филиалының Салық есебі департаменті бас менеджері;
Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы, Қалжыр ауылында дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ, 2005 жылы жоғарыдағы аталған ауылдың Қалжыр орта мектебін бітірдім. Білімім жоғары. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университеті «Заңтану» мамандығы және Алматы қаласындағы Қазақ көлік және байланыс университетінің «Экономика» мамандығы бойынша екі жоғарғы диплом иегері.
Темір жол саласындағы үздіксіз еңбек өтілімі 14 жыл 9 айды құрайды. Еңбек өтілімді «Қазақстан темір жолы «Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы - «Шұбарқұдық жол дистанциясы» филиалында бастаған. 2012 жылы «Ақтөбе магистралдық желі бөлімшесі» салықты есепке алу бөлімінің жетекші бухгалтері болып ауыстырылды. 2017 жылдың «25» қыркүйегінен бастап «Көпсалалы қызмет көрсету орталығында» қызмет атқарып келеді.
Қазақстан Республикасының «Салық кеңесшісі» және «Кәсіби бухгалтер» біліктілігі бар.
– Қалай ойлайсыз, сіздің тұлға ретінде қалыптасуыңызға не ықпал етті? Тек білім алғандар ғана сауатты маман деп санала ма?
– Менің ойымша кез келген адам тұлға ретінде айналасындағы араласатын адамдардың ықпалы арқылы қалыптасады. Ақылды адамдар мен көп аралассаң, соларға қарап бой түзеп ұялғаныңнан жүйрік болып шыға келесің. Мысалы мен компаниямыздың жастар саясаты аясындағы шараларға жиі қатысамын, осы іс шараларға қатысу барысында темір жолдың әрбір саласынан көптеген көшбасшы жастарды кездестіреміз. Кейбірі шет елде білім алған немесе жас болса да жұмыс басқарып жүрген және ағылшын, қытай тілдерін жетік меңгерген теміржолшылар. Солармен бірге араласып, тренингтерге қатысып ойнап – күліп жүріп жеке тұлға болып қалыптасып келе жатырмыз.
Ал сауаттылыққа келетін болсақ, әрине білім алғандар емес өз білімін жетілдіре білген, әрқашан өзін өзі дамыта білгендер және тәжірибесі мол адамдар сауатты болады деп ойлаймын. Қоғамның техникалық, ақпараттық, құндылық дамуына байланысты өзгеруі сауаттылық деңгейіне жаңа талаптардың пайда болуына әкеледі. Демек, сауаттылық шегі үнемі жоғарылау үрдісі бар. Бұл «сауатты адам» ұғымын «білімді» ұғымымен жиі шатастыруға әкеледі. Сауаттылық пен білім санаттары бірдей емес. Мысалы Темір жол саласында, білім алып келген жас маман мен 20 жыл қызмет атқарып жүрген тәжірибесі мол сауатты адамды салыстыруға келмейді.
– Өзіңіз туралы, өміріңіздегі маңызды (өзгеріс әкелген) оқиғалар туралы айтып берсеңіз.
– Өмірімдегі маңызды өзгерістердің бірі Шығыс Қазақстаннан Батыс Қазақстанға барып темір жол саласына жұмысқа тұрғаным деп ойлаймын. Дәл осы кезеңде менің қызметімдегі тәжірибем басталды. Енді, міне, 15 жылға жуық уақыт өткен соң және сіздердің сұрақтарыңызға жауап бере отырып, менің өмірім белгілі бір бағытта Астана қаласындағы арманыма жетелегенін түсіндім. Мен адам өз тағдырын жасаушы екеніне нық сенемін. Өмірде қабылдаған шешімдеріміз – болашағымыздың негізі. Әрбір адамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – мамандық таңдау, оның арқасында сіз өмірлік жоспарларыңызды жүзеге асырып, жәй ғана бақытты адам бола аласыз. Мен теміржол саласында жұмыс істеймін деп мақтанышпен айта аламын.
– Өміріңізде немесе әріптестеріңіздің арасында үлгі тұтқан адам болды ма? Неліктен ол адам?
– Мен осы салаға келгеніме өкінбеймін, өйткені бұл салада өте білікті және білімді мамандар жиналған. Түсінгенім кез келген жерде өз жұмысын қызығушылықпен істеген маман ғана ешқашан жалықпайды. Жоғарыда айтып кеткенімдей тұлға болып қалыптасу барысында араласатын адамдардың соның ішінде тәлімгерлердің маңызы зор деп ойлаймын.
Жеке өмірде де, кәсіби өмірде де біліктілікті арттырудың және жоғары деңгейге жетудің ең тиімді жолы - өзіңізге тәлімгер табу деп ойлаймын. Темір жол саласында қалыптасуыма көмектескен алғашқы тәлімгерім «Шұбарқұдық жол дистанциясының» сол кездегі басшысы Қеңес Ермекұлы Жәмековке алғысым шексіз. Кеңес Ермекұлы салып берген фундамент қанша шайқасаңда құламайтын сияқты, мысалы ол кісінің айтқан бір сөзі бар еді: «Темір жол саласында жетістікке жеткің келсе, сен тәжірибеңді темір жол шаруашылыңғынан бастасаң, ары қарай дамып кету оңай болады!». Жол шаруашылығында жұмыс істеудің қаншалықты маңызды, дұрыс болғанын Ақтөбе мен Астана қаласына ауысқан сәттерімде және күнделікті қызметім барысында түсініп келе жатырмын.
Кез келген теміржолшының жұмысы ауыр, жауапты және оңай емес. Бұл саланың негізгі айырмашылығы, бұл сіздің қажеттілігіңіз бен маңыздылығыңызды түсініп алу. Біздің әрбір жұмыс күніміз ерекше және 100 пайызға беріліп қызмет атқаруға тура келеді. Сондай қызметкерлердің бірі «Ақтөбе магистралдық желі бөлімшесі» кадр басшысы Саркулова Гүлден Елемесқызының қасында еңбек еткеніме ешқашан өкінбеймін, Гүлден Елемесқызы өте сауатты, кез келген істі соңына дейін жеткізе алатын керемет қасиеттерімен көп жастарға үлгі болатын маман.
Үлгі тұтатын әріптестеріңіздің жасаған қадамдарын бірдей тәртіпте жасасаңыз, сіз міндетті түрде үлкен нәтижелерге қол жеткізесіз деп ойлаймын. Олардың әрекеттерін қайталау арқылы мақсатқа жеткізуге көмектесетін стратегияларды тауып білікті маман болуға болады. «Көпсалалы қызмет көрсету орталығы» филиалының Салық есебі департаменті директоры Жилкайдарова Бибигуль Кенжетаевнадан алған сабақтарымның арқасында осы қызметімде үлкен жетістіктерге жеттім деп айта аламын. Бибигуль Кенжетаевнаның жақсы қасиеті адамгершілігі мен ақылдылығында, жетекшіме қарап, нағыз білімді адам ақылды болады дегенге сенуге болатынын түсіндім.
– Көп әрі өнімді еңбек еткен адам қалай демалады? Қандай хоббиіңіз бар немен әуестенесіз?
– Адам неғұрлым табанды және өнімді еңбек ететін болса, соғұрлым оның өмірі табысты болады. Мысалы мен 100 жас есім жобасы аясында көптеген бағдарламаларға қатыстым, жоба барысында жетістіктерге жеткен кездердегі сәттер ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан демалыстың саны емес сапасы маңызды, кішкене болса да жоспарын орындаған адамның қөңілі рахаттанып ұйқысы тыныш болады деп ойлаймын.
Менің хоббиім, яғни қызығушылым кызметім деп ойлаймын. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Сол себепті уақыттың қалай өткенін де байқамай қаламын. Егер сіз өз жұмысыңызды шынымен ұнататын болсаңыз, онда сіз оны жақсартудың жолдарын үнемі таба аласыз.
– Қандай жеке қасиеттеріңіз жұмыста табысқа жетуге көмектеседі (мансаптық өсуге ықпал етеді)?
– Ең басты қасиетім еңбекқорлылығым және мәселені соңына дейін жеткізе алатыным деп ойламын. Сапалы жұмыс істей отырып, еңбегіңнін нәтижесіне жеткен сәтте, біз қуанышқа ие боламыз. Сондықтан менің өмірім қуанышқа әрқашан толы. Кез келген басшы өзінің тобында еңбекқор қызметкердің болғанына қуанып, әрқашан сол адамға қолдау көрсетіп отырады. Сол қасиетімнің арқасында көптеген жетістіктерге жеттім.
– Жақын болашақта қандай жоспарыңыз бар? Қандай құзіреттер мен шыңдарды бағындырғыңыз келеді?
– Жоспарым өз саламның білікті маманы болу. Қазіргідей бәсекелестік дамыған заманда және еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіби жетілген білікті маман деп ойлаймын. Еліміздің компаниямыздың болашағы білікті мамандардың қолында, білікті маман кез келген шыңды бағындыратынана сенімдімін.
– Университеттен кейін жұмысқа тұруға келген жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Менің ойымша бұл өмірде әрбір адамның жеке өмірлік тәжірибесі мен сабағы бар екеніне сенімдімін. Жас мамандарға бірінші кезекте ешкімнен жасқанбай, өзінің жүрегін тыңдап, алға, арманыңа жетуге кеңес берер едім. Екінші кезекте жақсы тәлімгерді үлгі тұтып білікті маман болуға шақырамын.